
«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында Алматы облысында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
9 қазан күні Іле ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Алматы облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен кездесу өтті. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер, ауылдық округтердің ақсақалдары мен жастар қатысты. Барлығы 400-ден астам адам қамтылды.
– Құқық қорғау органдарының өкілдері қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі алдау тәсілдері туралы айтып, жалған инвестициялық ұсыныстарды қалай ажыратуға және қылмыскерлердің құрбаны болмауға болатынын түсіндірді, – деп хабарлады облыстық полицияда.
Ерекше назар «дроп» тақырыбына аударылды. Бұл – өздерінің банк шоттарын абайсызда немесе сыйақы алу мақсатында алаяқтарға қолжетімді етіп беретін адамдар. Мұндай әрекеттер қылмысқа қатысу ретінде бағаланып, қылмыстық жауаптылыққа әкелетіні түсіндірілді.
Спикерлер онлайн-сатып алу, банк қосымшаларын пайдалану және инвестициялық платформалармен жұмыс кезінде қырағылық пен цифрлық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті.
Құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын нығайту мен азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған осындай кездесулер облыстың басқа аудандарында да жалғасын табады.