
Бүгіннен бастап Қазақстанда банк карталарын бөгде адамдарға бергені үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа қылмыстық-құқықтық норма күшіне енді.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес, егер азамат өзінің банк картасының деректерін «қосымша табыс табу» мақсатында берсе, оған айыппұл салу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, – деп хабарлады полицияда.
Ішкі істер министрлігінде бұл норманың қабылдануы киберқылмыспен және «дроппер» деп аталатын тұлғалармен жүйелі түрде күресуге бағытталғанын атап өтті.
Дроппер – бұл алаяқтар ұрланған ақшаны шешіп алуға пайдаланатын адам. Көбінесе қылмыскерлер дәл осындай делдалдар арқылы өз әрекеттерін жасырып, құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатады.
– Азаматтар есте сақтауы тиіс: өз банк картасын немесе оның деректерін үшінші тұлғаларға беру – тек қауіпті ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет, – деп түйіндеді ведомство өкілдері.