
Қонаев қаласында Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің тапсырмасымен «Қауіпсіз жол» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыру, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Акция аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылауды күшейтті. Ерекше назар жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қарбалас қиылыстарға және көлік қозғалысы қарқынды учаскелерге аударылды. Патрульдік жасақтар күшейтіліп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын жол ережесі бұзушылықтарын анықтау бойынша рейдтер өткізілуде.
Құқық қорғаушылар жылдамдық режимінің сақталуын, балаларды тасымалдау ережелерін, қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған арнайы құрылғылардың қолданылуын қадағалауда. Сондай-ақ мас күйінде көлік басқарудың алдын алуға ерекше мән берілуде.
Бұдан бөлек, полицейлер жүргізушілермен және қала тұрғындарымен жол қозғалысы ережелерін сақтау мен әрбір қатысушының жеке жауапкершілігінің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Полиция азаматтарды жолда мұқият, тәртіпті болуға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырады. Өйткені адамдардың өмірі мен денсаулығы тікелей осыған байланысты.