
11 қыркүйек күні Алматы облысы ПД Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Алатау қаласы мен Жаңа Арна ауылындағы мектептерде профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Іс-шара үш білім ордасын – №4, №5 және №9 мектептерді қамтыды. Жалпы саны 300-ге жуық тыңдаушы, оның ішінде оқушылар мен ұстаздар қатысты.
– Дәрістер акт залдарында өтіп, киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Полицейлер интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерін, жеке деректерді қорғау тәсілдерін және қылмыстың алдын алудың тиімді жолдарын түсіндірді, – деп хабарлады киберполиция қызметкерлері.
Шара барысында сөз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауынан негізгі тұжырымдарды келтіруден басталды. Онда Алатау қаласының еліміздің болашақ IT-технологиялар орталығы ретіндегі рөлі айрықша атап өтілді. Осыған байланысты аталған өңірдің оқушыларымен профилактикалық жұмыстың маңызы арта түсті.
– Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндірді. Олар заңсыз қаржылық операцияларға делдал ретінде тартылатын «дроптар» қызметіне қарсы іс-қимылға қатысты болды, – деп түйіндеді тәртіп сақшылары.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Мақсат – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және олардың интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.