
Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері өңірдегі бірқатар мемлекеттік органдарда профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Кездесулер Алматы облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасында, Цифрлық технологиялар басқармасында, «Алматы облысының жер қатынастары басқармасы» ММ-де және «Алматы облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті» РММ-де өтті.
– Полицейлер мемлекеттік қызметшілерге киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаларын, интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдерін түсіндірді. Сондай-ақ «дропперлер» деп аталатындар кімдер екені және олардың заңсыз сызбаларға тартылуы қаншалықты қауіпті екені туралы айтты. Қызметкерлерге жеке деректер мен мемлекеттік ресурстарды қорғау үшін нені білу және қандай шараларды қолдану қажеттігі жөнінде практикалық кеңестер берілді, – деп хабарлады ведомствода.
Полиция департаментінде атап өткендей, мұндай профилактикалық кездесулер мемлекеттік орган қызметкерлерінің цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және киберқатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.