
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ішкі істер органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Оның тиімділігі еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамның іргетасы саналатын отбасы институтының дамуына тікелей байланысты.
Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының тұрақты бақылауында.
Осы мақсатта 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында республика аумағында «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы өткізіліп жатыр.
– Акция барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын түсіндіруде, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бағытында кездесулер ұйымдастыруда, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деді ведомствода.
Мақсат – қоғамда отбасының рөлін нығайту, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.