
Полицияның аумақтық бөлімшелерінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың төрағалығымен кеңес өтті.
Ведомство басшысы Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі бағыттарын жеке құрамға жеткізіп, халықпен профилактикалық жұмысты күшейтуге, мал ұрлығына қарсы күреске, жолдар мен киберкеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ІІМ жүйесіндегі негізгі процестерді цифрландыруға ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы ерекше мән берген Алатау қаласына да жеке тоқталды. Осыған байланысты Министр өңірде полицияның тиімді жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар белгіледі.
Кеңестен кейін Полиция департаментінің бастығы министр қойған мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырып, өз қарамағындағы қызметкерлерге нақты нұсқаулар берді. Оның ішінде жақын арада Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе алатын Алатау қаласына қатысты тапсырмалар да бар.
– Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы азаматтардың сенім деңгейін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және елдің әр өңірінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған, – деп түйіндеді Алматы облыстық ПД бастығы Мейрам Әбікеев.