
Қонаев қаласының табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Қапшағай су қоймасы аумағында және Іле өзені бойында жедел-профилактикалық іс-шара жүргізуде. Жұмыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығы аясында ұйымдастырылып, табиғи ресурстарды қорғауға, браконьерліктің алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Рейд барысында заңсыз балық аулау, аңшылық, жағалау өсімдіктерін отау, сондай-ақ су айдындарында белгіленген ережелерді бұзу фактілері тексерілуде. Әсіресе, қоршаған ортаны ластау және экологиялық заңнаманы сақтамау бойынша құқықбұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінуде, – деп хабарлады полицияда.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында белгіленген тәртіпті сақтауды, табиғатқа ұқыпты қарауды және экологиялық нормаларды бұзған жағдайда әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Табиғатты қорғау полициясы мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтіп, өңірдің табиғи байлығын сақтау ісінде азаматтарды ынтымақтастыққа шақырады.