
2025 жылғы 21-23 шілде аралығында Алматы облысы аумағында көліктегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және тасымалдау саласындағы құқықбұзушылықтарды азайту мақсатында «Тасымалдаушы» жедел алдын-алу іс-шарасы өткізілуде.
– Іс-шараның негізгі міндеттері – жолаушылар мен жүк тасымалдарын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексеру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерінің сақталуын бақылау, заңсыз тасымалдау жағдайларын анықтау, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауын тексеру, сондай-ақ тасымалдаушылар мен жүргізушілердің лицензия, жол парағы және өзге де рұқсат құжаттарының болуын бақылау. Сонымен қатар, жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, көлікті мас күйінде басқару сынды жол жүру ережелерін бұзудың алдын алу да басты назарда, – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Іс-шара аясында жолаушылар мен жүк тасымалдарын тексеруге бағытталған рейдтер, соның ішінде ауданаралық маңызы бар автожолдарда да ұйымдастырылуда.
Алматы облысының Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін және тасымалдау саласындағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – бұл ең алдымен әр адамның жауапкершілігі, көлік құралының техникалық жарамдылығы мен белгіленген нормаларды мүлтіксіз орындаудан басталады.