
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысының полицейлері бір тоннадан астам есірткі затын тәркіледі. «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасының аралық нәтижелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов мәлімдеді.
– Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 111 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтады. Оның 66-сы – қылмыстық іс. Олардың қатарында аса ірі көлемде сақтау, сату, дайындау және есірткі жарнамасы бар. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. Атап айтқанда, 164 келі синтетикалық есірткі, 21 келі марихуана, 9 келі гашиш, 242 грамм героин және 900 келі жабайы қарасора, – деді Бағдат Әшімов.
Полицейлер сегіз бірдей есірткі зертханасын жойды. Олардың екеуі синтетикалық есірткі өндіруге маманданған болса, қалғандары құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан.
1 маусымнан бастап облыс аумағында кең ауқымды «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Шараның мақсаты – заңсыз егістіктерді анықтап, жабайы қарасораны жою, транзиттік арналарды кесу және ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу.
– Операция басталғалы 12 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – сату, аса ірі көлемде сақтау және заңсыз өсіру фактілері бар. Мысалы, Іле ауданында сату фактісі, ал Талғар ауданында есірткіні сақтау бойынша тоғыз дерек тіркелді, оның екеуі – аса ірі көлемде, – деді Б. Әшімов.
Бақылауды күшейту мақсатында Алматы–Бішкек және Алматы–Өскемен тас жолдарында түнгі жылжымалы екі бірдей блокбекет қойылды. Сол арқылы арқылы күн сайын жүздеген көліктің әрқайсысы мұқият тексеріледі.