АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Қонаев қаласында кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті. Мәдениет сарайындағы мерекелік жиынға облыс басшылығы, Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, құқық қорғау және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

– Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, адал қызметі мен антына адалдығы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Шара барысында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етілді, - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Марапат ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен және Полиция департаменті бастығының атынан да табысталды. Ерекше көзге түскен қызметкерлер, Ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ балалары полиция қатарында абыроймен қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің ата-аналары ІІО-ның құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен және төсбелгілерімен марапатталды.

-Салтанатты шара музыкалық-патриоттық форматта жалғасты. Полиция қызметкерлерін Алматы облысының әкімі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық басқармасының, Прокуратура және басқа да мемлекеттік орган басшылары құттықтады. Олар полиция қызметкерлерінің ерен еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын табыс етті, - деп атап өтті департаментте.

Қазақстан полициясы күні тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін күзететін барша қызметкерді құрметтеу, еске алу және сіңірген еңбегін бағалау күніне айналды.