АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «АШЫҚ ҚАБЫЛДАУ» КЕҢ АУҚЫМДЫ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «АШЫҚ ҚАБЫЛДАУ» КЕҢ АУҚЫМДЫ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында, 23 маусым күні Алматы облысының аумағында «Ашық қабылдау» атты кең ауқымды акция өткізілді. Іс-шара «Заң мен Тәртіп» тақырыптық апталығы аясында ұйымдастырылып, халыққа, соның ішінде шалғай елді мекен тұрғындарына құқықтық және консультативтік көмек көрсетуге бағытталды.

Акцияға прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам белсенділері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Облыс бойынша барлығы 14 мобильді қабылдау пункті жұмыс істеді. Арнайы мамандар азаматтарды қабылдап, кеңес берді. Екі күн ішінде азаматтардан 3268 өтініш түсті. Өтініштер түрлі тақырыптарды қамтыды. Құжаттандыру, әкімшілік айыппұлдар, көші-қон заңнамасы және өзге де мәселелер көтерілді, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Сонымен қатар, азаматтарға мопедтерді тіркеуге қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ екендігі түсіндіріліп, бұл көлік құралдары мен олардың жүргізушілеріне қойылатын талаптар да баяндалды.

– Ерекше назар «А» және «А1» санаттарындағы жүргізуші куәліктерін алу, сондай-ақ тиісті санатсыз көлік басқару жауапкершілігі мәселелеріне аударылды, – деп қосты ведомство өкілдері.