ПОЛИЦЕЙЛЕР ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДАҒЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТТІ

ПОЛИЦЕЙЛЕР ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДАҒЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТТІ

Қазір цифрлық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан уақытында киберқылмыстардың саны да артып келеді. Бұл жайттың алдын алу мақсатында Алматы облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы туралы брифинг өткізді.

Полиция өкілдері қылмыскерлер жиі қолданатын интернет-алаяқтық схемалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың арасында жалған банк қызметкерлерінің қоңыраулары, өтемақы туралы жалған уәделер, инвестициялық ұсыныстар, «жылдам» несиелерді рәсімдеу, сондай-ақ интернеттегі алаяқтық жарнамалар бар.

– Біз жасөспірімдер мен жастарды ақпараттандыруға ерекше мән береміз. Өкініштісі, жастардың өздері байқамай қылмысқа сыбайлас болып кетуі, банк картасының деректерін аудару немесе өз атына есепшот ашу жағдайлары көбейіп кетті. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп атап өтті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Кеңесханұлы.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Сайлаухан шараның басты мақсаты тек киберқылмыстардың алдын алу ғана емес, қоғамда қырағылық пен цифрлық сауаттылықты дамыту екенін айтты.

Облыстың барлық аудан, қалаларында профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, ақпараттық буклеттер таратуда. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті қоңырауларға сенбеуді, белгісіз сілтемелерге жазылмай, ешкімге жеке деректер мен банктік деректерді бермеуді ескертеді.