АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Алматы облысында ағымдағы жылдың 12-30 маусым аралығында «Алаяқтыққа жол жоқ» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу және оның түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Іс-шара аясында Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары әкімдіктерімен, сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып, халықпен кездесулер ұйымдастырды.

Түсіндіру жұмыстары барысында азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері – жалған интернет-дүкендер, «банк қызметкерлері» атынан қоңырау шалатын алаяқтар, инвестициялық алаяқтық және әлеуметтік желілер арқылы алдау тәсілдері туралы нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар, алаяқтықтың алдын алудың негізгі қағидалары түсіндірілді: бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және интернет арқылы сатып алу кезінде тексерілген платформаларды қолдану ұсынылды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды қырағылық танытуға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.

– Интернет-алаяқтар әртүрлі психологиялық тәсілдер арқылы азаматтарды алдауға тырысады. Сондықтан әрбір адам өз киберқауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл бағытта алдын алу – басты құралымыз, – дейді Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері.