
Ұзынағаш ауылындағы жанармай бекетінде өртеніп жатқан көлікті өшірген полиция қызметкеріне оқиға куәгері Гүлзира Садапова алғыс білдірді.
Оқиға 10 мамыр күні, Ұзынағаш ауылында болған. Қызметтік аумағын бақылап жүрген патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай құю бекетінде тұрған ГАЗель көлігінің отқа оранғанын байқайды. Жағдайдың қиын екенін және жарылыстың қаншалықты қауіпті екенін түсінген полицей сол жердегі екі азаматпен бірге отты сөндіруге дереу кіріскен. Олардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт дер кезінде тоқтатылды.
Айта кету керек, егер ешкім әрекет етпегенде, жалын жанармай сақталған резервуарларға жетіп, зардабы ауыр болуы мүмкін еді.
Полиция қызметкерлері өрт және жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.