АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭСТАФЕТАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭСТАФЕТАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Алматы облыстық полиция департаменті «Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық челлендж-флешмобына ресми түрде қосылып, игі бастаманың эстафетасын қабылдады. Бұл акция – қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмылдырып, отбасындағы береке мен өзара құрметті дәріптеуге бағытталған.

Облыстық полиция эстафетаны Алматы қаласынан қабылдап, елордасы – Астана қаласына жолдады. Осылайша, бұл бастама Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі азаматтарды бір мақсатқа біріктіруге жол ашты.

Ауқымды шараға полиция қызметкерлерімен қатар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, еріктілер, белсенді жастар мен бұл мәселеге бей-жай қарамайтын тұрғындар қатысты. Олар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін алға тартты.

– Отбасы – мемлекеттің тірегі. Полицияның басты міндеті – қорғау ғана емес, алдын алу. Зорлық-зомбылық ешқашан қалыпты құбылыс болмауы тиіс. Әрбір азамат өзінің қорғалғанын, көмектің бар екенін, құқығының заңмен қамтамасыз етілетінін білуі керек, – деді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев. Ол қоғаммен бірлесе отырып, бұл мәселеге қарсы тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

Флешмобтың түпкі мақсаты – бұл тақырыпты күн тәртібіне шығарып қана қоймай, зорлық-зомбылықты мүлдем қабылдамайтын қоғамдық сана қалыптастыру, тұлғаға деген құрметті арттыру және отбасылық құндылықтарды нығайту.

Алматы облысы эстафетаны Астана қаласына жолдай отырып, отбасы амандығы мен тыныштығы – тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің ортақ ісі екенін тағы да үндейді.