АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ

АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ

Алатау қаласында полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және болдырмау мақсатында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағытталған арнайы профилактикалық іс-шара өткізді. Шара барысында басты назар халық тығыз шоғырланған аймақтарға – мектептер, аялдамалар, базарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне аударылды.

Рейд кезінде тәртіп сақшылары тұрғындарға жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, тек арнайы белгіленген өткелдер арқылы өтуге, жолдан өтерде телефонға алаңдамауға, әсіресе кешкі уақытта барынша мұқият болуға шақырды.

– Жолдағы қауіпсіздік – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда аса мұқият болуы тиіс, ал жаяу жүргіншілер тәртіп бұзбай, сақ болуы қажет. Жол-көлік оқиғаларын– тек бірлескен әрекет арқылы алдын алуға болады, – деп атап өтті полицейлер.

Жаяу жүргіншілердің тәртібін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Полицейлер еске салады: жол жүру ережесін сақтау – бұл тек міндет емес, ең алдымен, өз өмірің мен қауіпсіздігіңе деген қамқорлық.