
Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы консультативтік-кеңесші орган – «Әйелдер қанатының» отырысы өтті. Жиында әйелдердің құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қозғалды.
Іс-шараға өмірлік қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектердің өтініштерімен тікелей жұмыс істейтін полиция қызметкерлері, сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде басты назар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқығын қорғау және оларға құқықтық әрі психологиялық көмек көрсету мәселесі де талқыланды.
Жиынға қатысқан Алматы облысының полицейлері отбасыдағы зорлық-зомбылық туралы дабылдарға әрекет ету тетіктері туралы айтып, әрбір фактінің дереу тіркеліп, мұқият тексерілетінін атап өтті.
– Бүгінде полиция тек құқық бұзушылықтарды тоқтатумен ғана емес, қайғылы жағдайлардың алдын алуға да жұмыс істейді. Біз тек әрекет етпейміз, сонымен қатар, дер кезінде көмек көрсетіп, қайталанудың алдын алуға тырысамыз, – деді полиция өкілдері.
Сонымен қатар, қауіп-қатерлерді ерте анықтау жүйесін жетілдіру, ауылдық жерлердегі әйелдерге көмек қолжетімділігін арттыру және халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру қажеттігін атап өтті. Бұл – зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырып, әйелдердің құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудың маңызды жолы.