
Алатау қаласындағы «Құлыншақ» балабақшасында ересек топ тәрбиеленушілері арасында «Мен өскенде кім боламын?» және «Менің ата-анам – полиция қызметкері» тақырыбында сурет салу бойынша шығармашылық байқау өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың ой-өрісін кеңейту, түрлі мамандықтармен таныстыру және болашақ өмірлік жолын таңдауға деген қызығушылығын ояту. Әр балаға түрлі мамандық бейнеленген суреттер топтамасы ұсынылды. Балалар өз жүрегіне жақын мамандық бейнеленген суретті бояп, кейін кім болуды армандайтынын таңдады.
«Құлыншақ» балабақшасында Алатау қалалық полиция бөлімінің 21 қызметкерінің баласы тәрбиеленеді. Сол тәрбиленіушілер іс-шараға ерекше шабытпен қатысты.
Байқаудың ең әсерлі сәті – жасөспірімдер ісі жөніндегі учаскелік инспектор Тастемір Қадыр балабақшаға ұлы Алиханды алып кетуге келген кездегі эпизод болды. Әкесін көрген сәтте Алихан қуанышпен жүгіріп барып:
– Мен өскенде әкем сияқты полиция қызметкері боламын!, – деп мақтанышпен айтты.
Бұл қысқа, бірақ шынайы сәт іс-шараның басты символына айналды – баланың ата-анасының кәсібіне деген құрметі мен арман жолындағы алғашқы қадамы.
Балабақша басшылығы мұндай іс-шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, еңбекке құрмет, мақсатқа ұмтылу және отанға деген сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Болашақ – арманнан басталады, ал арман – отбасындағы үлгіден туындайды!