АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІРІ ЕСІРТКІ ПАРТИЯСЫН ТАСЫМАЛДАҒАН КУРЬЕРДІ ҰСТАДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІРІ ЕСІРТКІ ПАРТИЯСЫН ТАСЫМАЛДАҒАН КУРЬЕРДІ ҰСТАДЫ

Алматы облысында «Қарасора-2025» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында, полицейлер ірі көлемдегі психотроптық заттарды тасымалдаған есірткі курьерін ұстады.

Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық есірткі қылмысына қарсы басқарма қызметкерлерінің бірлескен іс-шарасы барысында Талғар ауданында Volkswagen Jetta көлігін тізгіндеген Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Көлік құралын тексеру кезінде алдыңғы орындықтың астындағы сөмкеден ерекше иісі бар есірткі заты табылды.

Кейіннен күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту жүргізіліп, ақ түсті ұнтақ зат салынған орам, түрлі-түсті таблеткалары бар үш пакет салынған спорттық сөмке, электронды таразылар, оқшаулағыш ленталар, магниттер мен орау материалдары тәркіленді.

– Тергеу барысында анықталғандай, күдікті 2025 жылдың ақпан айынан бастап интернет-дүкеннің есірткі курьері болған. Ол қызметі үшін төлемді криптовалюта арқылы алып отырған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар психотроптық болып табылады: 200 грамнан астам 3-хлорметкатинон және 180 грамнан астам метилендиоксиметамфетамин, яғни экстази, – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта есірткінің жеткізу арналары мен ұйымдастырушыларды және қылмыстық сызбаның басқа да қатысушыларын анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде.