Халықаралық музей күніне орай Алматы облысында ұлттық мұраны сақтауға елеулі үлес қосқан тарих сақшыларын салтанатты түрде құрметтеу рәсімі өтті. Алматы облысының бас полицейі Мейрам Әбікеевтің атынан музей басшыларына ұзақ жылғы еңбегі мен ағартушылық қызметі үшін алғыс хаттар табысталды.
– Тарихи жадымызды сақтау – ұлттың рухани негізін қорғау деген сөз. Біз музей қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз, себебі сіздердің арқаларыңызда жас ұрпақ өз тарихын көріп, сезініп, түсіне алады. Полиция мен мәдениет – қатар тұрған қос тірек, біз өткеніміздің, бүгініміз бен болашағымыздың күзетшісіміз, – деп атап өтті ведомствода.
Мерекелік іс-шараның шарықтау шегі – өңірдегі жетекші музейлердің қатысуымен өткен «Бабалар тілі – музейлер үні» атты фестиваль болды. Онда бірегей көрмелер, көне артефакттердің реконструкциялары, театрландырылған қойылымдар мен өнерпаздардың сахналық көріністері ұсынылып, жұртшылыққа ата-баба мұрасына терең бойлау мүмкіндігі берілді.
Көпшіліктің назарын ерекше аудартқан көрініс – халқымыздың даңқты жолын баяндайтын қойылым болды. Онда сақтар мен ғұндар дәуірінен бастап ұлы хандар, ақындар мен ойшылдар кезеңіне дейінгі тарих бейнеленіп, көрініс Дінмұхамед Қонаевтың – саяси кемелдік пен ұлттық даналықтың символы бейнесімен түйінделді.
Полиция басшылығы құқық қорғау органдары мен мәдениет мекемелерінің өзара ынтымақтастығы аса маңызды екенін атап өтті. Себебі тек бірлесе отырып қана рухани байлығымызды сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізе аламыз.