
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Ақтөбе облысы полиция департаментінің 4 қызметкері мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе инспекторы Фархат Нұрманов пен Жол-патрульдік полиция ротасының инспекторы Арман Исхаков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталса, осы ротада қызмет ететін аға инспектор Бекжан Елеусізов пен инспектор Оспан Есет «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегері атанды.
Мерейлі марапаттарды тәртіп сақшыларына Ішкі істер министрі Ержан Саденов табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпан айында болған ақтүтек боран күндері полиция капитаны Б.Елеусізов пен полиция лейтенанты О.Есет автобустың істен шығуы салдарынан жолда қалған 66 шетел азаматын құтқарса, полиция лейтенанты А.Исхаков жол көрінбейтін боранды жел күні жүргізушілердің жолда қалуын болдырмау үшін автокөліктер колоннасының алдында бірнеше шақырым жаяу жүгіріп отырып, оларды қар қойнауынан алып шыққан. Ал, полиция аға лейтенанты Ф.Нұрманов биыл маусым айында Ақтөбе қаласында өзенге батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалған болатын.