
Мас күйінде автокөлікті басқарудың кезекті фактісі 31 мамыр күні анықталды.
"Ақжар-Көсенбай" автожолында 1997 жылы туылған Ойыл ауданы тұрғынының басқаруындағы "ВАЗ 21103" автокөлігі тоқтатылды. Бұрын бұл жүргізуші автокөлікті басқару құқығынан айырылған. Ер адам аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
1 маусым күні Ақтөбеде Пожарский мен Рысқұлов көшелерінің қиылысында 20 жасар ақтөбелік басқарған "Фольксваген Пассат" автокөлігі тоқтатылды. Ер адам бұрын жүргізуші құқығынан айырылған бола тұра, есірткілік мас күйінде көлік жүргізген. Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында ҚР ҚК-нің 346 бабы бойынша (көлік құралын мас күйінде жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) 58 факті анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес Қазақстанда көлік құралдарын мас күйінде басқарған, көлік құралдарын басқару құқығынан бұрын айырылған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылды. Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.