
Ағымдағы жылдың сәуір айында облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолының 29 шақырымында Ақсай ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алды. Шетел азаматы басқарған жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, кюветке қарай аударылған. Көлік жүргізушісі Экрем Альптекин Түркиядан Қырғызстанға дәрі-дәрмек тасымалдау үшін жолға шыққан. Рульдік басқаруды игере алмай, ауыр жүк көлігі шұңқырға қарай аударылған.
Дәл осындай жүк көлігі яғни, Экрем Альптекиннің серіктесі Қырғызстанға қарай кеткен. Ал Экрем серіктесінің кері қайтуын күтем деп далада қалған.
Осы күндері серіктесі қайтып келгенге дейін, көлік жүргізушісіне Темір ауданы Ақсай ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Абылай Тәжин көмек көрсеткен. Жүргізушіге қажеттінің бәрін - су, тамақ алып берген. Түскі асқа үйіне апарып, түнде демалатын орынмен қамтамасыз еткен.
Оқиға орнына Темір ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев барып, жағдайларын сұрап, жеке өзінің қадағалауына алды.
14 күннен кейін, екінші жүк көлігіндегі серіктесі тауарларды тапсырып, Бішкектен оралды.
Жүргізушілер тауарға тапсырыс берушінің қатысуымен дәрі-дәрмектерді басқа көлікке тиеп, Бішкекке жіберді.
Осыдан кейін учаскелік полиция қызметкері кранды бекітіп, жүк көлігін кюветтен алып шығуға көмектесті. Автокөлікті бірден сол уақытта көтеру мүмкін емес еді, әйтпесе тапсырыс беруші тауарды қабылдамайтын болар еді.
Экрем Альптекин Түркияға кетті, учаскелік полиция инспекторы А.Тәжинге өзінің алғысын білдіріп, бейне жазба жолдаған.
«Біздің Ақтөбелік полицейлерге деген алғысымыз шексіз, - дейді Экрем, - біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Абылайдың бізге көрсеткен барлық көмегі үшін алғыс айтамыз».