2024-2028 жылдарға арналған Қоғаммен әріптестікте Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, құқық бұзушылықтар туралы «102» арнасы арқылы келіп түскен сигналдар негізінде ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлері (рейтингі) бекітілді.
Осыған байланысты, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ақмола облысы Полиция департаментімен өңірдегі ойын-сауық мекемелерінен келіп түсетін құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға талдау жүргізілді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде, қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіптің жай-күйіне жастар көп шоғырланатын ойын-сауық мекемелерінің реттелмеген жұмысы айтарлықтай кері әсерін тигізетіні анықталды.
Аталған мәселе Полиция департаментінің бастамасымен бірнеше рет құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырыстарында қаралған.
2025 жылдың басынан бері ойын-сауық мекемелерінде 18 қылмыс жасалды, оның ішінде Көкшетау қаласында 3 ауыр және орташа ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, Қосшы қаласында 1 тонау, Степногорск қаласында 1 бұзақылық, бөтен мүлікті ұрлаудың 13 фактісі тіркелген, осыдан Көкшетау қаласында – 5, Атбасар және Бурабай аудандарында – 2-ден, Степногорск, Қосшы қалалары мен Зеренді, Ерейментау аудандарында – 1-ден.
Сонымен қатар, ойын-сауық мекемелерінің жұмыс тәртібі заңнамамен нақты реттелмегендіктен, адамға қарсы ауыр қылмыстардың жасалу фактілері де тіркелуде.
Соңғы жылдары дәмханалардың ғимараттарында пышақ қолдану арқылы 2 адам өлтіру фактісі («Айсұлу» – 2022 ж., «Шашлычный двор» – 2024 ж.) және жәбірленушінің өліміне әкеп соққан бір ауыр дене жарақатын келтіру оқиғасы («Арена» – 2019 ж.) тіркелді.
2025 жылдың наурыз айында «Саке я еду» дәмханасында алкогольдік ішімдікті шамадан тыс тұтынғаннан кейін жастар арасында жаппай төбелес болған. Суық қару қолданылып, нәтижесінде 2 адам ауыр пышақ жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Талдау нәтижесінде, 2025 жылдың 9 айында полицияның кезекші бөлімдеріне өңірдегі 282 ойын-сауық мекемесінен 700-ден астам құқық бұзушылық туралы азаматтардан хабарлама түскені анықталды.
Мәселен, тек Көкшетау қаласының өзінде полицияға
12 қауіпті ойын-сауық орны бойынша 300-ден астам шақыру келіп түскен. Қылмыстық жағдайы жоғары мекемелер: «Алоха» дәмханасы – 46 шақыру, «Шах», «Рандеву», «Шашлычный двор» – әрқайсысы 22, «Оазис» – 21,«Гавань» – 18, «Индира» – 17, «Бухара» – 16,
«Ниагара» – 15, «Чечел паб» бар-клубы – 14, «Милана», «Мария» сыраханасы – әрқайсысы 5 шақырдан.
Атбасар ауданында «Дарина» мейрамханасына – 10,
«Бурабай» мейрамханасына – 7 шақыру тіркелген.
Қосшы қаласында «На районе» дәмханасы – 12,
«Восточный двор» – 10, «Фазенда» – 8 шақыру.
Степногорск қаласындағы ойын-сауық мекемелерінен де полицияға жүгіну жағдайлары аз емес – «РИФ» дәмханасынан 16, «Стали» - 11, «Достар» караоке-барынан 9, «Штольц» мекемесінен 7 рет шақырту түскен. Сондай-ақ, Целиноград ауданындағы «Наби» дәмханасынан 4 рет полиция шақырылған.
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздірдің қауіпсіздігіңізді сақтау мақсатында жеке сақтық шараларын қатаң сақтауды, сондай-ақ мүмкіндігінше қылмыс жиі орын алатын қауіпсіздігі төмен дәмханалар, түнгі клубтар мен өзге де ойын-сауық мекемелеріне барудан бас тартуды сұраймыз.