GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Онлайн қабылдау
Департамент туралы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
20 октября 2026
Үржар ауданында полицияның жаңа Жедел басқару орталығы ашылды

Абай облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Үржар ауданында облыс әкімі Берік Уәлидің, Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлының қатысуымен жаңа Жедел басқару орталығы (ЖБО) ашылды.

Жаңа орталық көшелер мен қоғамдық орындардағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, полиция жасақтарын оқиға орнына жедел бағыттауға және төтенше жағдайлар кезінде олардың іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.

Орталықты іске қосу аясында 77 жаңа құрылғы орнатылды. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған 72 бейнекамера және жылдамдықты асыру деректерін анықтайтын бес жылдамдық өлшегіш бар. 

Сонымен қатар Үржар ауылында бұрын орнатылған 110 бейнекамера бірыңғай жүйеге қосылды.

Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. ЖБО жүйесіне Таскескен ауылындағы 58 балабақшаның, 33 мектептің және бір колледждің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Білім беру ұйымдарын ортақ жүйеге қосу полиция қызметкерлеріне оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға және қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, әуеден бақылау жүргізу мақсатында полиция қызметкерлері дронды да пайдаланатын болады.

Жаңа орталықтың ашылуы – аудандағы қауіпсіздік жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам. Заманауи жабдықтар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындарға көмек көрсету уақытын қысқартуға ықпал етеді.

20 октября 2026
321 камера: Абай облысында жаңа Жедел басқару орталығы ашылды

Мақаншы көшелері, Алакөл жағалауы мен білім беру мекемелері полицияның бақылауында. Мақаншы ауданында оқиғаларға жедел әрекет ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін біріктірген жаңа Жедел басқару орталығы іске қосылды.

Жұмыс сапары барысында орталықты Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров ашты.

Жедел басқару орталығы аудан аумағындағы жағдайды бақылау мен полиция жасақтарының жұмысын үйлестірудің бірыңғай орталығына айналды. 

Бейнекамералардан түсетін кескіндер аудандық полиция бөліміне нақты уақыт режимінде жеткізіледі. Бұл қызметкерлерге қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында 77 жаңа бейнекамера орнатылды. Оның 72-сі қоғамдық тәртіпті қорғауға арналса, бесеуі Мақаншы ауылының жолдарындағы қауіпті учаскелерде жылдамдықты асыру деректерін тіркеуге бағытталған.

Сонымен қатар орталыққа аудан орталығында бұрын орнатылған 21 камера және Алакөл жағалауындағы 223 камера қосылды. Нәтижесінде, жүйе барлығы 321 бейнекамераны біріктіріп, тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтті.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Жедел басқару орталығына 31 балабақша мен 18 мектептің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Нысандарды заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау Бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда.

Қосымша бақылау құралы ретінде дрон да қолданылады. Ол әуеден бақылау жүргізуге, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың ашылуы аудандық полицияның мүмкіндіктерін арттырады. Бұл жол қозғалысын бақылаудан бастап, түрлі оқиғалар кезінде тиісті қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге дейінгі жұмыстарды қамтиды. 

Басты мақсат — оқиғаларға әрекет ету уақытын қысқартып, адамдарға дер кезінде көмек көрсетуді қамтамасыз ету.

19 октября 2026
Қызы дүниеге келген күні ішімдік ішкен: Абай облысының тұрғыны 2 жыл 2 айға сотталды

Оны әкімшілік жаза да, қоғамдық жұмыс та, түрме де тоқтата алмаған. Жарма ауданының 53 жастағы тұрғыны мас күйде көлік басқаруды қайта-қайта әдетке айналдырып, ақыры тағы да бас бостандығынан айырылды. Енді ол өмір бойы көлік жүргізе алмайды.

Бір емес, екі емес, бірнеше рет сотталған. Жүргізуші куәлігінен де айырылған. Бас бостандығынан айыру жазасын да өтеген. Бірақ мұның ешқайсысы сабақ болмаған.

Жарма ауданының Қалбатау ауылында 2026 жылғы 22 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған 53 жастағы ер адам ВАЗ-21099 автокөлігінің рөлінде мас күйде отырған. Боранбай би көшесінде оны полиция қызметкерлері тоқтатқан. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растаған.

Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Тіпті бұл жолы қызының дүниеге келуіне байланысты ішімдік ішкенін түсіндірген.

Алайда бір сәттік себеп заңды белден басуға негіз бола алмайды. Оның үстіне, бұл азамат үшін мас күйде рөлге отыру алғашқы жағдай емес, әдетке айналған құқық бұзушылық.

2015 жыл. Мас күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2018 жыл. Тағы да заң бұзды. Бұл жолы жүргізуші куәлігінсіз әрі мас күйде көлік басқарғаны үшін 120 тәулікке қоғамдық жұмыстарға тартылып, көлік жүргізу құқығынан тағы үш жылға айырылды.

2020 жыл. Бұрынғы жазадан да қорытынды шығармады. Қайтадан мас күйде көлік басқарғаны үшін сегіз айға бостандығынан айырылды.

2022 жыл. Тағы да сол әрекет. Сот оны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, екі жылға бас бостандығынан айырды.

2026 жыл. Арада жылдар өтсе де, жағдай өзгермеген. Өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салынған азамат тағы да мас күйде рөлге отырған.

Басқаша айтқанда, әкімшілік жаза да тоқтатпады, қоғамдық жұмыс та нәтиже бермеді, түрме де сабақ болмады. Заң алдындағы жауапкершілік бірнеше рет ескертілсе де, азамат сол әрекетін қайталаған.

Үкім бойынша ер адам 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Бір адамның жауапсыздығы — өз өміріне ғана емес, жолдағы жазықсыз жандардың тағдырына да төнген қауіп. Рөлге мас күйде отыруды жеке мәселе деп қарауға болмайды. Себебі жолда оның салдарын кінәсіз адамдар да тартуы мүмкін.

19 октября 2026
«Таза Қазақстан»: Абай облысында тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында 11 000-нан аса құқық бұзушылық жойылды

Тазалық – ортақ жауапкершілік, ал қоғамдық тәртіп – өркениетті қоғамның айнасы. Осы қағиданы басшылыққа алған Абай облысының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» аясында елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту және абаттандыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері облыс аумағында ұйымдастырылған 2 760-тан астам рейдтік іс-шараның нәтижесінде елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 11 598 құқық бұзушылық тың жолы кесілген.

Цифрлық технологиялар – тазалықты бақылаудың тиімді тетігі. Қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында бейнебақылау камералары да белсенді қолданылуда. Олардың көмегімен қоғамдық орындарды ластаудың 1 355 дерегі анықталды. Заманауи цифрлық құралдарды пайдалану құқық бұзушылықтарды дер кезінде тіркеуге және олардың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс аумағында 78 стихиялық қоқыс орны анықталып, жойылды.

«Таза Қазақстан» – әр азаматтың туған жеріне деген құрметін көрсететін ортақ бастама. Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, абаттандыру талаптарын орындау және табиғатқа жанашырлықпен қарау – баршамызға ортақ міндет.

19 октября 2026
Абай облысында жол-көлік оқиғаларының саны 41%-ға азайды

Абай облысында есепті кезеңде 465 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз. Алайда жол апаттарынан қаза тапқандар саны 38,9%-ға өсіп, 75 адамды құрады. Сонымен қатар 718 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Нұрпейісов хабарлады.

 Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, адам өлімінің өсуі қосымша профилактикалық шаралар қабылдауды талап етеді.

– Есепті кезеңде әкімшілік қадағалау аясында 319 627 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. 276 797 айыппұл салынып, оларды өндіріп алу деңгейі 86%-ды құрады. Бұдан бөлек, 2 458 әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылып, 640 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Арнайы тұрақтарға 2 121 көлік қойылды, – деді Данияр Нұрпейісов.

 Құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында ERAP мобильді қосымшасы да қолданылуда. Оның көмегімен 131 897 құқық бұзушылық тіркеліп, айыппұлдар салынған және 39 601 ескерту берілген.

– Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Есепті кезеңде автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына 1 844 тексеру жүргізіліп, 1 952 нұсқама берілді. Жолдарды күтіп-ұстау талаптарының бұзылуына байланысты 182 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 1 698 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды және 181 мың шаршы метрден астам жол жабыны жөнделді, – деп атап өтті полиция майоры.

 Облыс аумағында барлығы 1 039 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның ішінде үшеуі жерүсті, сегізі жерасты өткелі. Жалпы 189 өткел бағдаршам нысандарымен жабдықталған, ал қалған 839-ы тиісті жол белгілерімен және жол таңбаларымен белгіленген.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алуда құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерінің де маңызы зор. Аталған жүйелер арқылы есепті кезеңде 200 428 нұсқама шығарылған.

 Облыста «Сергек», ZEREK-2 және EKIN BOX SPOTTER кешендері, сондай-ақ патрульдік автокөліктерге орнатылған EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX мобильді жүйелері жұмыс істейді. Бұл құрылғылар жылдамдық режимін және жол жүрісі қағидаларының өзге де бұзушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.

 Спикердің айтуынша, «Сергек» кешені арқылы 125 мыңнан астам нұсқама шығарылған. Ал EKIN Patrol G2 мобильді жүйесінің көмегімен 36 мыңнан астам нұсқама рәсімделген. EKIN Patrol G2 және SERGEK PATROL BOX жүйелері арқылы салынған айыппұлдарды өндіріп алу деңгейі 91%-ды құрады.

16 октября 2026
🚔 Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша азаматтарды онлайн қабылдау өтті

Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері RADIO 7 радиосында Arna News бағдарламасы аясында ұйымдастырылған азаматтарды онлайн қабылдауға қатысты.

Тікелей эфир барысында тұрғындар жол жүрісі қағидаларын сақтау, жол қозғалысын ұйымдастыру, бағдаршамдар мен жол белгілерінің жұмысы, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты сұрақтарын қоя алды.

Онлайн қабылдауға төмендегі қызметкерлер қатысты:

 Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция тобының инспекторы Айдын Ардақұлы Аблаев;

Семей қаласы Полиция басқармасының Әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің инженері, полиция капитаны Ильдар Николаевич Калимуллин;
Семей қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының 3-ротасының командирі, полиция капитаны Дастан Қайратұлы.

 

Эфир барысында полиция қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өз қызмет бағыттары бойынша түсініктемелер берді.

 

 Мұндай өзара іс-қимыл форматы полиция мен халық арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуге, өзекті мәселелер бойынша жедел түсініктеме беруге және азаматтардың жол қауіпсіздігі саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

15 октября 2026
Сәйкестендіру белгілері жоқ мал: Абай облысының полициясы тексеру жүргізуде

Абай облысында полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларының сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеруде. Бұл жұмыс мал ұрлығының алдын алуға және есепке алынбаған жануарларды анықтауға бағытталған.

Өңірде 844 256 бас ірі қара мал, 1 363 006 бас ұсақ мал және 433 958 жылқы бар. Оның ішінде асыл тұқымды мал басы 42 400 ірі қараны, 86 700 қойды және 1 770 жылқыны құрайды.

Жануарларда заңнамада көзделген сәйкестендіру құралдары болмаған жағдайда, олар арнайы тұрақтарға орналастырылып, ветеринариялық қызмет өкілдері шақырылады. Мамандар есепке алу деректерін тексереді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлғалар мал иелерін ветеринария саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Жылқыларға қатысты қағидаларда таңбалау немесе чиптеу қарастырылған. Сондықтан жануар басқа да заңнамада көзделген тәсілмен сәйкестендірілген болса, электрондық чиптің болмауы өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды.

Жануардың жеке нөмірі мен ветеринариялық дерекқордағы нақты мәліметтер оның кімге тиесілі екенін анықтауға және шығу тегін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл, соның ішінде, мал ұрлығын тергеу кезінде маңызды рөл атқарады.

Полиция мал иелерін жануарларды уақтылы сәйкестендіруге, сатып алу және сату кезінде мәліметтерді жаңартуға, сондай-ақ жайылымда жүрген малды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Мал жоғалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарлау қажет. Сонымен қатар жануардың фотосуреттерін, жеке нөмірлерін, таңбасы мен ерекше белгілері туралы мәліметтерді ұсыну және оның соңғы рет жайылған жерін көрсету маңызды.

14 октября 2026
Шекара талғамайтын қауіпсіздік: Абай облысында шетелдік жүргізушілерге Қазақстанның жол қозғалысы ережелері табысталды

Абай облысында полиция қызметкерлері шетелдік жүргізушілерге арналған профилактикалық акция өткізді. Акция барысында Ресей мен Беларусь елдерінен келген автокөлік жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидалары жазылған кітапшалар табысталып, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Абай облысы — шетелдік көлік құралдары көп жүретін транзиттік өңір. Сондықтан Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін немесе елімізге алғаш рет келген жүргізушілер үшін жергілікті жол қозғалысы ережелерін білу аса маңызды.

Акция барысында полиция қызметкерлері жүргізушілермен әңгімелесіп, Қазақстанның жол қозғалысы қағидаларының талаптарын жақсырақ түсінуге көмектесетін ақпараттық материалдар таратты.

«Сыйлықтарыңызға рақмет! Өте жақсы кітап екен. Міндетті түрде оқып шығамын, өйткені әр елдің өз жол қозғалысы ережелері бар», — деді Беларусь елінен келген жүргізуші.

Полиция көліктің қай елде тіркелгеніне қарамастан, жол қозғалысы қағидаларын сақтау және рөлде мұқият болу барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал ететінін еске салады.

14 октября 2026
Бес жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілер: Абай облысында үлгілі жүргізушілер марапатталды

Бүгін Омбы – Майқапшағай республикалық автожолында полиция қызметкерлері «Үлгілі жүргізуші» акциясын өткізді. Акция аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтап, көлік тізгінінде жауапкершілік танытатын жүргізушілерге құрмет көрсетілді.

Акция барысында полиция қызметкерлері ақпараттық базалар арқылы жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тексерді. Соңғы бес жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзбаған бес жүргізушіге алғыс хаттар мен «Заң мен тәртіп» логотипі бейнеленген естелік брелоктар табысталды.

Жол қозғалысы ережелерін сақтау көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда жолдағы жалпы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің күнделікті қабылдайтын шешімдеріне байланысты. Бұл акция өз жауапкершілігімен өзгелерге үлгі болып жүрген жүргізушілерге алғыс білдіруге мүмкіндік берді.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін сақтауға, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

14 октября 2026
Қауіпсіздік тәжірибеден басталады: Семейде оқушылар жол қозғалысы ережелерін автоқалашықта үйренді

Жол белгілері мен жол қозғалысы ережелерін тәжірибе жүзінде меңгеру. Семей қаласында патрульдік полиция қызметкерлері №40 мектептің оқушыларына арналған автогородокта сабақ өткізді. Сабақ барысында балалар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін тәжірибе жүзінде бекітті.

Полиция қызметкері оқушыларға жол белгілерінің мағынасын түсіндіріп, жолда кездесуі мүмкін түрлі жағдайларды талқылады. Әсіресе жолдағы жағдайды дұрыс бағалап, қауіпсіз әрекет етуге ерекше көңіл бөлінді.

Автогородоктағы сабақ балаларға жол қозғалысы ережелерін көрнекі түрде меңгеруге мүмкіндік берді. Оқушылар түсіндірмені тыңдап қана қоймай, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды. Мұндай сабақтар балаларға мектепке барарда, үйге қайтарда және серуендеу кезінде жолда қауіпсіз жүру дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.

Абай облысының полициясы ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді ескертеді. Балаларыңызбен бірге жүретін бағыттарын талқылап, жол белгілерінің мағынасын түсіндіріп, жол қозғалысы ережелерін сақтауда оларға үлгі болыңыздар. Жол қауіпсіздігі ережелерін бала кезден үйрету — балалардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды шарты.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы