
Абай облысында ер адам дүкенде сувенирлік купюрамен есеп айырысты: полицейлер күдіктіні ұстады
Шульбинск кентінде полиция қызметкерлері алаяқтық фактісін анықтады. Белгісіз ер адам жергілікті дүкендердің бірінде тауар сатып алып, 20 000 теңге номиналындағы сувенирлік купюрамен есеп айырысқан. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды.
Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам ұсталып, Жаңасемей полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта оған қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті келу туралы міндеттемемен босатылды.
Полиция қызметкерлері дүкен иелері мен азаматтарды ақша қабылдау кезінде мұқият болуға, олардың түпнұсқалығын тексеруге және алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмас үшін арнайы детекторларды пайдалануға шақырады.