
2023 жылы 12-14 желтоқсан аралығында Парижде ЭЫДҰ Еуразия апталығы өтті. ЭЫДҰ тұрақты түрде Еуразия елдерінің өкілдерімен жоғары деңгейдегі арнайы кездесу өткізеді. Еуразия апталығы - ЭЫДҰ мүшелерін Еуразиялық өңірдің серіктестерімен біріктіретін алаң.
2018 жылғы соңғы Еуразия апталығынан бері әлемде COVID-19 пандемиясы және аймақ экономикасына әсереткен геосаяси өзгерістер болды. Турбуленттілік жағдайында Еуразия елдері реформалар жүргізуде және өңір экономикасын неғұрлым инновациялық және орнықты ету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануда.
«Еуразия апталығы» отырысына қатысушылар аймақтың бәсекеге қабілеттілігіне, оның экономикалық және әлеуметтік прогресіне әсер ететін мәселелердің кең ауқымын қамтыды. Негізгі тақырыптардың бірі – Еуразияны байланыстыру: сауда және көлік. Бұл сессия геосаяси өзгерістер контекстіндегі еуразиялық елдер арасындағы сауда байланысы мәселелерін, сондай-ақ Қытай мен ЕО арасындағы ықтимал баламалы жолдар мәселесін қарастырды. Сонымен қатар, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржыландырған Орталық Азиядағы сауданы оңайлату жөніндегі есебін ұсынды. Шолуды үйлестіруге ҚР сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade жауапты болды.
«ЭЫДҰ жобасының бірінші кезеңі шеңберінде физикалық көлік инфрақұрылымы тұрғысынан Орталық Азия елдеріндегі сын-қатерлер мен байланыс проблемаларына талдау жүргізілді. Жобаның екінші кезеңі Орталық Азия елдері арасындағы сауда байланысын нығайтуға бағытталған. Жобаның мақсаты - өңірдің алты еліне - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанға - сауда байланыстары мен Халықаралық интеграцияны кеңейту үшін мүмкіндіктерді барынша пайдалануға мүмкіндік беретін саясат пен құралдарды қолдану бойынша талдамалық және практикалық басшылық беру», - деп түсіндірді QazTrade бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров, есепте сауда байланыстарын жеңілдету индикаторлары жаңартылғанын атап өтті.
Талқылау барысында ол Қытайды Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына тоқталды. Спикер Орталық Азиядағы сауданы аймақтандыру трендтері, Үкімет қабылдаған Сауда саласындағы шаралар, сондай-ақ ТМТМ жұмсақ инфрақұрылымын дамыту туралы айтты.
Сонымен қатар, Нұрлан Құлбатыров ЭЫДҰ-ның Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі «Украинаны паритеттік бағалау» бағдарламасының дөңгелек үстел отырысында сөз сөйледі, онда Еуразиялық серіктес елдердің атынан электрондық коммерцияны дамыту, интернет-сауда алаңдарында экспорттаушыларды ілгерілету және цифрлық сауданы реттеу тәжірибесімен бөлісті.