Техникалық реттеу және метрология комитетінің 10 айдағы жұмысы туралы ОКҚ-да өткен брифингте айтылды

Техникалық реттеу және метрология комитетінің 10 айдағы жұмысы туралы ОКҚ-да өткен брифингте айтылды

Бүгін, 3 қарашада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев биылғы 10 айда атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Мәселен, 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бақылаумен қамтылған барлығы 4060 іс-шара өткізіліп, 3333 жағдайда бұзушылықтар анықталды. Қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жою туралы 104 ұйғарым шығарылды, сонымен қатар жалпы сомасы 200,273 млн теңгені құрайтын 274 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, әкімшілік істер қозғалды.

Қуаныш Елікбаев атап өткендей, келіп түскен өтініштердің нәтижесінде 10 өңірде тексеру іс-шаралары жүргізілді және автохимияның техникалық регламенттерге сәйкестігі бойынша 43 сатушыда бұзушылықтар анықталды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 18 млн. теңгені құрады. 18 жағдай бойынша автохимия ресейде өндірілген. Сонымен қатар, іске асыруға тыйым салу туралы 26 қаулы шығарылды.

Негізгі бұзушылықтар – бұл  таңбалаудағы температураның -40 шамасында аязды көрсетуі, бірақ іс жүзінде бұданда төмен болған. Тиісінше, «антифриз» қазақстандағы аяздарда қатып, көліктерге зақым келтіріп ғана қоймай қаржылық шығынға ұшырататын еді. Бұзушылықтың тағы бір түрі – сапа және қауіпсіздік паспорттарының әсіресе мемлекеттік тілде дұрыс таңбалаланбауы.

Шілде-тамыз айларында Павлодар, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында прокуратура органдарымен бірлесе отырып, өз құзыреті шегінде 32 субъектіге қатысты тексеру шаралары жүргізілді.

Жүргізілген тексерістердің нәтижесі бойынша мерзімдік тексеру жүргізбестен өлшеу құралдарының пайдаланылғандығы анықталды. Осылайша, тексерілмеген жабдықтардың жалпы саны 337 бірлікті құрады (таразылар, термометрлер, биохимиялық анализаторлар, артериялық қысымды өлшеуге арналған құрылғылар).

Сонымен қатар, брифинг барысында Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директорының орынбасары Ержан Қарасаев заңсыз берілген сертификаттарды анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Бүгінде Қазақстанда 1693 аккредиттеу субъектісі, оның ішінде 1005 сынақ зертханасы және сәйкестікті растау жөніндегі 76 орган жұмыс істейді.

ҚР ҚМ МКК Экспорттық-импорттық операциялардың бірыңғай терезесінің деректеріне сәйкес 2023 жылғы 31 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сәйкестікті растау органдарымен 91 мыңнан астам растау құжаттары берілген.

2023 жылдың басынан бастап 22 аккредиттеу аттестаты алынып тасталды және 11 аккредиттеу аттестаты тоқтатылды, сондай-ақ өнім қауіпсіздігі туралы берілген 300-ден астам құжат жарамсыз деп танылды.

Брифинг қорытындылай келе спикерлермен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді.