
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қытайға жұмыс сапарының екінші күні Цзинань қаласында Шаньдун провинциясы парткомының хатшысы Лин У мырзамен кездесуден басталды.
Қазақстанның вице-премьерінің Цзинаньға келуін Лин У мырза Шаньдун мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарда жаңа бағыттың ашылу деп бағалады.
«Қытай мен Қазақстан - жақсы көршілер, сенімді достар, серіктестер. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сианьға мемлекеттік сапары және осы жылдың наурыз айында өткен «Қытай – Орталық Азия» саммитіне қатысуы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының ашылуына, қазақ-қытай ынтымақтастығының «алтын 30 жылдығына» көшуге негіз болды»,— деді Лин У құттықтау сөзінде.
Шаньдун провинциясы - халқы көп шоғырланған, экономикалық және мәдени дамыған аймақ, ол арқылы ұлы Хуанхэ өзені өтеді. Халық саны 100 млн адамнан асады. ЖІӨ көлемі бойынша провинция елде 3-ші орынға ие. Лин У атап өткендей, бүгінде аймақ экономикасында кейбір қиындықтар байқалады, үш жылдық пандемияның, әсіресе өнеркәсіпке, қызмет көрсету саласына, жылжымайтын мүлікке, экспорттық-импорттық операцияларға теріс әсерін тигізді. Бірақ қазір провинция тауар айналымын арттыру үшін жаңа міндеттер қойып отыр.
«Біз ауыл шаруашылығы, машина жасау, ақылды тұрмыстық техника жасаудағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз»,— деп атап өтті Лин У.
Серік Жұманғарин өз тарапынан стратегиялық ынтымақтастықтың негізі ретінде екі елдің көшбасшылары арасындағы тату көршілік пен достық қарым-қатынасты атап өтті.
«Біздің өзара сауда нәтижелеріміз ауқымды, Шаньдун провинциясы ШҰАР, Пекин және Ганьсу провинцияларынан кейін Қазақстанмен сауда көлемі бойынша төртінші орында тұр. Өткен жылы Қытаймен жалпы тауар айналымының 24,1 млрд. долларының 2 млрд доллары Шаньдунмен сауда-саттықты құрады. Жақында Астана мен Алматыда ШҰАР парткомының хатшысы Ма Синжуйды қабылдау құрметіне ие болдым. Содан кейін ол Синцзян саясаты дамудың жаңа векторын «Синцзян – Қытайдың ашық батыс қақпасы» деп белгіледі. Шаньдун провинциясының өз елінің ашық шығыс қақпасына айналуын ұсынуға рұқсат етіңіздер», — деп атап өтті ол.
Тиімді логистика және көлік жолдарының дамыған инфрақұрылымы-Шаньдунмен ынтымақтастықты күшейтудің негізгі перспективалық бағыттарының бірі. Қазірдің өзінде дамудың негізі бар. 2022 жылдың желтоқсанында «ҚТЖ» ҰК» АҚ және ҚХР ірі порт операторы Шаньдун порт тобы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, оның шеңберінде тараптар мультимодальды контейнерлік сервистер мен цифрлық өнімдерді дамытуға уағдаласты.
Сапар нәтижесінде Серік Жұманғарин Линь Уға қыркүйек айына жоспарланған Қазақстанға сапары барысында бизнес өкілдерімен кездесулер өткізуді ұсынды.
«Біздің бизнесмендер арасында ауыл шаруашылығында, тау-кен өнеркәсібінде, агрономияда, сауда-логистикалық кешендер құрылысында және терең өңдеу сияқты бағыттарда диалог орнығады деп сенемін. Президентіміз Қытаймен саяси, экономикалық және сауда қатынастарын дамытуға үлкен мән береді және біз ұзақ мерзімді және тиімді жұмыс істеуге дайынбыз», — деді С. Жұманғарин.