Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту

Бүгін Астана Халықаралық форумы аясында Орталық Азияның әлемдік саудаға ықпалдасуын күшейтуге арналған үлкен панельдік сессия өтті. Сессияда цифрлық экономиканы дамыту және жасыл технологияларды енгізу мәселелері көтерілді.

«Негізгі әлемдік нарықтардан шалғай және теңізге шыға алмайтын аймақ ретінде Орталық Азия цифрландырудың өсіп келе жатқан үрдісін толығымен қолдайды және осы серпінді пайдалануға дайын. Біздің аймақ әлемдік экономикалық аренада өзін танытуда. Таяу болашақта Орталық Азияның бірнеше елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп, халықаралық сауда қоғамдастығының толыққанды және белсенді қатысушыларына айналады деп күтеміз», - деп айтты ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев өз баяндамасында.

Вице-министрдің айтуынша, жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп Қазақстан Республикасындағы саудадағы нормативтік және рәсімдік кедергілерді бағалау жобасы ресми түрде іске қосылды.  Жоба Қазақстан мен біздің өңірдің алдында тұрған ағымдағы сын-қатерлерге уақтылы жауап болып табылады.

ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық аясында Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан мен Орталық Азиядағы сауда қатынастарын дамыту» жобасының екінші кезеңін іске асыруда. Зерттеу ЭЫДҰ-ның 2019 жылы Орталық Азия елдерінің көлік байланысына бағытталған жобаның бірінші кезеңі шеңберінде өткізген сауда-көлік байланысы және жүк тасымалы саласындағы проблемаларды бағалауға толықтыру болады.

«Біз ЭЫДҰ, БҰҰ ЕЭК және ЭСКАТО жобаларының басты бағыты сауда рәсімдерін оңайлату болып табылатынын бағалаймыз. Барлық жобалар бір-бірін толықтырады. Біздің сарапшыларымыздың пікірі бойынша БҰҰ ЕЭК және ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыру және қағазсыз саудаға көшу орта мерзімді кезеңде тауар айналымының 30%-ға артуына алып келеді, әрине, бұл көрсеткіштерге қол жеткізу біз үшін басымдық болып табылады», - деді Қайрат Төребаев.

Сөзінің соңында вице-министр Қазақстан жоғары стандарттарды белгілеу және оларға қол жеткізу, сондай-ақ сауда-серіктестермен бірге сауда мен тұрақты даму арасындағы өзара қарым-қатынасты құруда деңгейді көтеру бойынша жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.