
Қазақстан мен Өзбекстан Қазақстан Президентінің 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға сапары шеңберінде қол қойылған инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі Жол картасын өзектендірді.
2023 жылғы 2 наурызда Шымкентте өткен кооперациялық жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жөніндегі жұмыс тобының 2-ші отырысы кезінде екі ел Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев жаңартылған құжатты келісті.
Өзектендірілген Жол картасы қазақстандық астықты 1 млн тоннаға дейін терең өңдеу бойынша кластер құруды және "Орталық Азия" ХӨКО аумағында өсімдік майын тазарту жөніндегі жобаны іске асыруды көздейді. Сонымен қатар, инвестициялық пул Шымкент пен Түркістан облысының аумағында тоқыма өнеркәсібін жандандыруға және дамытуға серпін беруге арналған үш жобамен толықтырылды.
Әңгіме Шымкентте қуаттылығы жылына 18 000 тонна мақта талшығы бар тоқыма фабрикаларын іске қосу, мұнда қуаттылығы жылына 5500 тонна мақта талшығы бар тоқыма кешенін және 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын Түркістан облысында тоқыма кластерін ұйымдастыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы болып отыр.
Сондай-ақ Тараптар Өзбекстан Республикасының Чирчик қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалдарын ашу мәселесін жан-жақты пысықтауға келісті.