
Ү.ж. 7 ақпанда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру қаралды. Аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады.
С. Жұманғариннің мәліметінше, қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 1,1% құрады, оның ішінде азық-түлік 1,4%, азық-түлік емес 0,9%, ақылы қызметтер 0,7%.
Бағаның ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8% және Астана қаласында - 2,5% байқалды.
Тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязға 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, рожки 2,6% тіркелді.
Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыру құралдарын қайта форматтауды міндеттеді. Үкімет деңгейінде барлық қажетті әдіснамалық және құқықтық жұмыстар атқарылды.
Біріншіден, өндірушілерге тікелей қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Қазіргі уақытта қант зауыттары үшін шикізат қаржыландырылды.
Екіншіден, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді, сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни бағалар арзан кезінде жүзеге асырылады, ал тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сату маусымаралық кезеңде жүзеге асырылады.
Үшіншіден, форвардтық сатып алу тетігі өндірушілерден өнімді сату сәтіне дейін, сақтаумен келісімшарт жасауға мүмкіндік береді.
«Биыл 2023 жылы жиналатын астықты 2024 жылы сәуір айына дейін қолдануға мүмкіндік береді. Сатып алудың форвардтық әдісі 8 өңірде іске асырылуда (Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қызылорда, Абай, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында). Сонымен қатар, ішкі нарықты ерте импорттық көкөніс өнімдерімен қанықтыру үшін Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Иран бизнес қауымдастығымен және Қазақстан өңірлерімен В2В кездесулер ұйымдастырылды. Сауда желілері 9 200 тонна көлемінде көкөніс жеткізуді пысықтады. Өзбекстаннан өнім жеткізу бойынша жасыл дәліз ұйымдастырылды. Республиканың барлық ірі сауда желілері бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысқа қатысатынын атап өткім келеді. Жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық ауытқуына жол бермеу үшін импорттық көкөністердің өңірлік сауда желілерімен уақытылы келісімшарт жасауды қамтамасыз етуі қажет», — деп мәлімдеді С. Жұманғарин.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2022 жылдың егіні есебінен нақты қорлар қалыптастырылды. Бүгінгі күні пияз бойынша 110%, картоп 105%, сәбіз 87%, қырыққабат 70% құрайды.
«Тауар интервенцияларының тиімділігін бағалауды ЭШФ (электронды шот фактура) және фискалдық деректер операторларының мәліметі бойынша бағаның төмендеу динамикасын, сондай-ақ сатылған өнімнің көлемі мен бағасын талдау арқылы жүзеге асырамыз», - деп баяндады ол.
Үкіметтің тапсырмасына сәйкес баға белгілеу тізбегінің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта форматталды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ЭШФ міндетті жазып беру бойынша пилоттық жобаның қолданысы өнімсіз делдалдарды анықтау және оларды жеткізу тізбегінен шығару үшін арнайы 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.
ЭШФ ақпараттық жүйесінің деректері баға белгілеу тізбегін бақылауға және сауда үстемесінің асып кету фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
«Өңірлік комиссиялардың қызметі менің жеке бақылауымда. Жалпы, біздің міндетіміз - бизнес субъектілерінің арасында сауда заңнамасын сақтау мәдениетін қалыптастыру», — деп түйіндеді вице-премьер.