
Ағымдағы жылдын қараша айында Женева қ. ДСҰ-ны реформалау және осы бағыттағы одан әрі жұмыс перспективаларын талқылау мәселесі бойынша пікір алмасу мақсатында ДСҰ-ға мүше елдердің бейресми отырысы өтті.
Отырысты аша отырып, ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы, ДСҰ жанындағы Швейцарияның Тұрақты өкілі Дидье Шамбовэй ұйымға мүше елдердің сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтіп, реформаның тәсілдері мен өз күтулерінің айырмашылығына қарамастан, ортақ және теңдестірілген шешімдерді әзірлеу мақсатында одан әрі жұмыс прагматизм рухында жалғасады деген үміт білдірді.
ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивела мүшелердің пікірталастарға белсенді қатысуы мен қызығушылығының жоғары деңгейін атап өтті. ДСҰ Бас директорының пікірінше, Ұйымды реформалау туралы диалог тауарлар мен қызметтердің жаһандық саудасындағы сын-қатерлерді шешу және ДСҰ-ны реформалау жолында күрделі мәселелерді шешуге тура келетініне қарамастан, мүше елдердің экономикалық мүдделерін ілгерілету үшін маңызды болып табылады.
Өз кезегінде ДСҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Жанар Айтжан фасилитатор ретінде сөз сөйлеп, өз баяндамасында ДСҰ мүшелері арасындағы талқылаудың негізгі тұстарын атап өтті. Атап айтқанда, елдер ұйымның институционалдық реформасы, оның ішінде ДСҰ-ның күнделікті жұмысының форматы, дауларды шешу жөніндегі органы мен ДСҰ-ның келіссөздер функциясын реформалау, реформалау процесінде елдер экономикасының дамуының рөлі, сондай-ақ реформамен жұмыс істеудің одан әрі тәсілдері сияқты мәселелерді қарастырды. Жалпылай алғанда, елдер ДСҰ-ны реформалау нәтижесінде келіссөздер процесінің көпжақты сипатын сақтаудың және ДСҰ-ның барлық 164 мүшесі арасында қол жеткізілген консенсус негізінде шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының қорытынды құжатында министрлер Ұйымды реформалау үдерісіне ресми бастама жасап, жұмыс елдердің бастамасы бойынша жүргізілуі керектігіне, процестің ашық және инклюзивті болуына, сондай-ақ даму мәселелерін қоса алғанда, барлық мүшелердің мүдделерін ескеруі тиіс екеніне келіскенін айта кету жөн. Сонымен қатар, министрлер ДСҰ Бас кеңесі мен оның көмекші органдары бұл жұмысты жүргізіп, прогресті талдап, шешімдерді қарастыру керектігіне келіскен болатын. Бұдан басқа, министрлер ДСҰ дауларын шешу жөніндегі органның жұмысын 2024 жылға дейін қалпына келтіру жөніндегі жұмысты аяқтауға міндеттенді.