Арман Шакқалиев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті

Арман Шакқалиев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев облыстың жұртшылығымен және бизнес-қауымдастығымен кездесті.

Арман Шәкқалиев ел үкіметінің азаматтарды әлеуметтік қолдау және негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін біз тауар өндірушілермен қажетті көмек мәселелерін талқылап жатырмыз. Біз ақшаны ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімділігінің өсуі мен дамуын ынталандыратын істерге бағыттауымыз керек. Қаржыландыру тетігі "Айналым схемасы" бойынша қайта форматталды, бұл мемлекеттік қолдау өндірушілерге тікелей бөлінетінін білдіреді. Жақында екі министрлік – Сауда және интеграция және ауыл шаруашылығы, "Павлодар" ӘКК және қант зауыттары қант бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумға қол қойды. Қазір отандық картоп өндірушілермен ынтымақтастық мәселесін пысықтап жатырмыз",-деп атап өтті бірінші вице-министр халықпен кездесуде.

Сондай-ақ, сапар барысында Арман Шакқалиев "Андас", "Шаров", "Щербак" шаруа қожалықтарының картоп қоймаларының қызметімен танысты.

Павлодар облысы картоп пен сәбіздің негізгі өндірушілерінің бірі болып табылады. Өңірдің көкөніс қоймаларына қыстқы маусымға облыстың жылдық қажеттілігі 50 мың тонна болғанда 317 мың тонна картоп және қажеттілігі 11,4 мың тонна болғанда 120 мың тонна сәбіз салынды.