
2022 жылғы 26 қазанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаевпен және Премьер-Министрдің орынбасары – Энергетика министрі Журабек Мырзамахмудовпен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Соңғы 9 жыл ішінде талқыланған мәселе бойынша оң шешім қабылданды - Өзбекстанның 1993 жылғы өзара саудада тауарларды шығару ережелерін қолдануы. Тауарлардың шығарылған елін анықтаудың бірыңғай тәртібі ТМД-дағы еркін сауда және тауар айналымы режиміні тиімді әрекет етуі қажет. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2022 жылғы 14 қазанда Қазақстанда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында бірыңғай тәртіпке қосылу туралы түбегейлі келісімді жариялады. Кездесуде айтылған өзбек тарапының мәліметінше, бұл мәселе 2022 жылдың соңына дейін пысықталатын болады.
Сонымен қатар, өзбек тарапы Өзбекстанда импортталатын және өндірілетін алкоголь мен темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемесін кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін теңестіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Көптеген мәселелер бойынша оң шешім қабылданды:
- Қазақстанның мал азықтық дақылдарының, жемшөптің, жұмыртқаның транзитіне рұқсат беру мерзімін қысқарту. Бұл мәселе бұған дейін «Атамекен» ҰКП алаңында көтерілген болатын.
- Өзбекстан тарапынан мамандандырылған компаниялар арқылы қазақстандық картопты экспорттауды жүзеге асыру. Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан өркениетті жағдайда 500 мың тоннаға дейін картоп экспорттауға дайын.
- Өзбекстанға қазақстандық алмаларды жеткізу тәртібін жеңілдету. Жауапты ведомстволар фитосанитариялық құжаттама бойынша электрондық жүйелерді интеграциялау мәселесін пысықтайды. Бұдан басқа, Өзбекстан өзінің фискалдық органдарының шығарылған елі - Қазақстанды растайтын құжаттар болған жағдайда ҚР-дан әкелінетін өнімнің құны бойынша талаптардың қолайсыздығы туралы ереженің орындалуын бақылауға алады.
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қолданыстағы және жаңа бағыттар бойынша әуе рейстерінің санын көбейту, қазақстандық тарап үшін жаңа бағыт ретінде Ферғана, Бұхара, Қарши қалаларын қосуды пысықтау.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік сатып алуларға өзара қатысу, энергетика, Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдету мәселелерін талқылап, өзара түсіністікке келді, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасын іске асыруда одан әрі пайымдауды пысықтады.