
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Орталық Азия сауда форумында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеді.
Қайрат Төребаев өз сөзінде өңірдегі сауда-саттық үлкен трансформация кезеңіннен өтіп жатқанын атап өтті.
- Соңғы жылдары сауда рәсімдерін жеңілдету, қағазсыз саудаға көшу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Кедендік рәсімдерді цифрландыру өңірлік сауданың ұлғаюының және соның салдарынан елдеріміздің экономикалық өсуінің негізгі факторы болып табылады. Сауда министрлігі ОА елдерімен сауда ынтымақтастығын дамытуға үлкен көңіл бөледі және кедендік рәсімдерді цифрландыру мен үйлестіру біздің елдеріміз арасындағы сауда өзара іс-қимылын тереңдетуге көмектеседі. Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағында трансшекаралық қағазсыз сауданы жеңілдету туралы негіздемелік келісімге қосылуы мәселесі қаралуда, - деп атап өтті сауда вице-министрі.
Соңғы сегіз айдағы дүрбелеңге және бүкіл әлемдегі логистикалық тізбектердің үзілуіне қарамастан, Орталық Азиядағы сауда байланыстары әлі де берік. Орталық Азия елдерінің өзара саудасында өсу үрдісі байқалады. 2017-2021 жылдары өңірішілік тауар айналымы 84% - ға өсті ($4,6-дан $8,5 млрд-қа дейін). 2021 жылы Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 40% - ға ұлғайды. 2022 жылдың 7 айында Қазақстанның ОА елдерімен тауар айналымы 4,1 млрд. АҚШ доллорын құрады.
12-ші жыл сайынғы Орталық Азия сауда форумы АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен "кедендік қызметтерді цифрландыру: қағазсыз сауда жолында" тақырыбында өтеді. Бұл қарым-қатынас пен сауданы дамыту жөніндегі басты Халықаралық екі күндік іс-шара болып табылады.