
11 ақпанда Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) сауда рәсімдерін жеңілдету комитетінің отырысында Қырғыз Республикасының Қазақстанмен транзиттік тауарларға қатысты қолданатын сауданы шектейтін шаралар туралы мәлімдемесі қаралды.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының делегациясы Қырғызстан көтерген барлық мәселелер біздің елдеріміздің Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуымен байланысты және олар екіжақты тәртібінде немесе ЕАЭО алаңында шешілуі керек екенін атап өтті.
Атап айтқанда, Қырғыз Республикасында сенімді кедендік құнды және тауар шығарудың ережелерін анықтауға қатысты әлсіз кедендік әкімшілендіру мәселесі 2016 жылдан бастап екіжақты негізде, сондай-ақ ЕАЭО аясында, үнемі талқыланып келе жатқаны атап өтілді.
2019 жылы Қазақстан Қырғыз Республикасының кедендік әкімшілігінің жеткіліксіздігі Қазақстан мен ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің бюджетіне ҚҚС және кедендік баждардың төленбеуінен шығындарға алып келу мәселесін бірнеше рет көтерді.
Отырыстың барысында ДСҰ мүшелеріне Қазақстан жүргізетін тексерістердің нақты негіздемесі ұсынылды: ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО мүше мемлекеттерінің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға мониторинг жүргізу; жалған транзитке қарсы тұру, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің аумағына үшінші елдерден тауарлардың арзан бағамен кіруіне жол бермеу, сондай-ақ тауарлардың шығу ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету.
Қазақстанның мемлекеттік кіріс органдары жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша 2019 жылы Қазақстан Республикасының жалған резиденттерінің атына Қырғыз Республикасының аумағынан тауарларды әкелудің 2,6 мыңнан астам фактісі анықталды, олар бойынша қырғыз тарапынан ҚҚС төленбеген.
Сонымен қатар, 2019 жылдың екінші жартыжылдығында тауар-көлік жүкқұжаттарында Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына тауарлар транзиті ресімделген, алайда тауарлар Қазақстан аумағында қалған және оларға ҚҚС төленбеген 4,8 мың факті анықталды.
Қазақстан делегациясы тексеру іс-шаралары ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерге қатысты бірдей дәрежеде жүзеге асырылатынын және Қазақстан Республикасының автокөлік құралдары да осыған ұқсас тексерулерге ұшырайтынын атап өтті. Қазақстан тарапы ДСҰ мүшелерінің назарын Қазақстан қолданатын барлық шаралар ДСҰ-ның Тарифтері мен саудасы жөніндегі бас келісімінің «Ұлттың неғұрлым қолайлы режимінің» 1-бабына, «Ұлттық режимнің» 3-бабына және «Транзит еркіндігі» 5-бабына толығымен сәйкес келетініне аударды.
Қорытындылай келе, қазақстандық делегация Қырғызстанды ЕАЭО-ға қосылу кезінде осы ел қабылдаған міндеттемелерді сақтауға шақырды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы делегациясы қырғыз серіктестерін кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша Қазақстанмен екіжақты уағдаластықтарды орындауға, соның ішінде навигациялық пломбаларды қолдану арқылы Қырғыз Республикасынан ЕАЭО-ға мүше елдерге жіберілетін жүк транзитін бірлесіп бақылауға шақырды.
Тауарлардың қозғалысын бірлесіп бақылау үшін, сондай-ақ баға индикаторларын қамтамасыз ету және импорт көлемін бақылау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану жөніндегі екі жақты уағдаластықтар туралы қосымша атап өтеміз. Өкінішке орай, Қырғыз Республикасы осы уағдаластықтарды іске асырмаған. Осыған байланысты, Қазақстан 2019 жылғы қазаннан бастап электрондық навигациялық жүйелерді бір жақты қолдану жөніндегі жобаны іске асыруды бастады.
Осы пилоттық жобаны қолдану шеңберінде көрсетілген құжаттарда мәлімделген маршруттан 10 ауытқу фактісі анықталды, өз кезегінде олар Қазақстан Республикасының нарығында пайда болды, автотасымалдаушылардың осы пломбаларды қолданудан 26 бас тарту фактісі, пломбаларды үзудің 12 фактісі анықталды, бұл Қырғыз Республикасының қол жеткізілген уағдаластықтарды сақтамау ниетін айғақтайды. Тиісінше Қазақстан ұлттық экономикалық мүдделерге нұқсан келтірмеу мақсатында бақылау шараларын қолдануға мәжбүр.