
Ағымдағы жылы 6 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына және Мемлекет басшысының 2021 жылғы 19 шілдедегі № 624 Жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында ZOOM арқылы дәріс өткізілді.
Бұл іс-шара ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған.
Дәрісте «Өмір белестері», «Саяси жолы», «Алаш пен Ахмет», «Шығармашылығы», «Қазақ тілі мен жаңа әліпби», «Өмірінің соңғы жылдары» бөлімдері бойынша А. Байтұрсынұлының қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылғаны, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккені аталып өтті.
«1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі "Оқу құралы" деген атпен 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым "Әліп-бидің" жаңа түрін жазды.
Сол кезде оның атақты "Тіл – құрал" атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.
Ахметтің тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды.
Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы,» - деді А. Байтұрсынұлының тіл саласындағы қызметі туралы М.Досова.
«Ахмет Байтұрсынұлы - бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының бостандық таңын атыруды көздеген, халықтың білім алуын аңсаған, «қазақтың Ахаңы» мәртебелі атағын иеленген біртуар тұлға,» – деп аяқтады сөзін Г.Ө. Машырапова.
Аталған іс-шараға Министрліктің, комитеттердің және аумақтық департаменттердің 87 қызметкері қатысты.