
Еуразиялық экономикалық одақ үкіметтерінің басшылары Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасындағы тауарларды есепке алудың электрондық жүйесіне көшудің тәсілдері мен мерзімдерін мақұлдады.
Бұл қазақстандық тауарларды ЕАЭО елдеріне әкету кезінде қағаз құжаттарды ұсыну қажеттігінен бас тартуға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында бес ел үкіметтерінің басшылары "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында "Шығыс - Батыс" және "Солтүстік - Оңтүстік" бағыттарында, оның ішінде Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен ұштасу шеңберінде көлік инфрақұрылымын құру және дамыту туралы" баяндаманы назарға алды.
Баяндамада ұлттық жоспарларға және инфрақұрылымдық даму Стратегияларына сәйкес инфрақұрылым объектілерін салу, реконструкциялау, жаңғырту жөніндегі жобаларды мүше мемлекеттерде іске асыру, оларды Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен ұштастыру мәселелері, сондай-ақ мүше мемлекеттердің аумақтарында көлік инфрақұрылымын дамытудың бірлескен жобаларын іске асыру мәселелері қаралады. Оның ішінде, Еуразиялық Одақтың барлық елдерін екіжақты форматта іске асырылатын дәліздер мен маршруттар жобаларына қосу мүмкіндігі, оларға интеграциялық бағыт беру.
Бұл жұмыс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық көлік жүйелерін әлемдік көлік жүйесіне одан әрі интеграциялауға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, Одақ шеңберінде транзиттік әлеуетті дамытуға және еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және олардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы 2021 жылғы жылдық есебін қарады.
2021 жылы Комиссия ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің монополияға қарсы органдары мен шаруашылық жүргізуші субъектілерінен келіп түскен 27 өтінішті қарады. Оның ішінде, үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 6 өтініш; жосықсыз бәсекелестік белгілері бойынша - 19; бәсекелестікке қарсы келісімдер жасасу және экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша - 2 өтініш.
ЕҮАК мүшелері есепті Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында жариялауға өкім етті.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы барысында өнеркәсіптің басым салаларында кооперация мен импортты алмастырудағы интеграциялық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобын Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларында кооперация мен импортты алмастыру жөніндегі комиссияға қайта құру туралы шешім қабылданды.