
Бүгін XXV Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Еуразиядағы әріптестік: жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясына қатысты.
Өз сөзінде Бақыт Сұлтанов азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбына назар аударды. Оның айтуынша, ішкі азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көптеген елдер азық-түлік тауарларының саудасына шектеу шараларын енгізуде. Бұл дәстүрлі жеткізу тізбектерінің бұзылуын одан әрі шиеленістіре түседі.
«Жеткізудің уақтылығы мен көлемі маңызды. Көптеген азық-түлік тауарлары Еуразия елдері комплементарны. Осыған байланысты, маусымдықты, шикізат базасының болуын ескере отырып, жеткізудің оңтайлы схемасын әзірлеу маңызды», - деді Бақыт Сұлтанов.
Сонымен бірге, Премьер-Министрдің орынбасары логистика проблемасын атап өтті. Көлік-логистикалық инфрақұрылым Еуразиялық кеңістікте елдер арасындағы экономикалық байланыстарды іске асырудың негізгі құралы, сондай-ақ біздің тауарларымызды әлемдік нарықтарға экспорттаудың басты таратушысы болып табылады. Өнімді өткізудің қазіргі заманғы және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі міндеттер шеңберінде Қазақстан Республикасында Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі жоба іске асырылатын болады.
«Қазақстанның шекаралас өңірлерінде еуразиялық кеңістік үшін сауда хабтарының жүйесі құрылуда. Бұл – Қытаймен шекарадағы Қорғас торабы, Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық орталығы, Қырғызстанмен шекарадағы «Алатау» шекара маңы сауда орталығы, Ресей Федерациясымен шекарадағы Батыс Қазақстан облысының аумағындағы «Еуразия» сауда-өнеркәсіптік хабы»,-деді Бақыт Сұлтанов.
Бұл ретте, аталған хабтар Каспий маңы елдерімен, сондай-ақ Түркия мен Еуропамен экспорттық-импорттық ағындарды бөлуге қатыса отырып, Ақтау және Құрық порттарымен логистикалық байланыста болады. Бұл өңір ішінде азық-түлік тауарларын жеткізудің тиімді тізбегін және өзара сауданы арттыру үшін негіз жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Үлкен еуразиялық әріптестікті дамыту идеясы өзекті болып қалуда. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Үлкен Еуразия тұжырымдамасы іске асырылуда. Ағымдағы жағдайда алған бағыт ерекше өзектілікке ие.
«ҚХР мен ЕАЭО елдері сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Иранмен уақытша келісім 2019 жылдың қазан айынан бастап күшіне енді. Индонезиямен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздер басталды, сондай-ақ Үндістанмен келіссөздер жүргізілуде, Моңғолиямен келісім пысықталу сатысында. Бұл ретте, жоғарыда аталған елдермен келісімдер жасасу кезінде экспортты арттырудың жалпы әлеуеті тек бір Қазақстан үшін шамамен $1,5 млрд. құрайды», - деп атап өтті Б.Сұлтанов.
Кеше Санкт-Петербургте мерейтойлық XXV Халықаралық экономикалық форум басталғанын айта кетейік. Ол маусымның 18-не дейін жалғасады. Оған 90-нан астам елдің өкілдері қатысады.