ЕЭК ұшақтардың импортына жеңілдіктерді ұзарту туралы қазақстандық ұсынысты қабылдады

ЕЭК ұшақтардың импортына жеңілдіктерді ұзарту туралы қазақстандық ұсынысты қабылдады

Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі азаматтық жолаушылар ұшақтарының жекелеген түрлерін әкелуге қатысты тарифтік жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Мәселені Қазақстан көтерді, себебі ол отандық авиатасымалдаушылардың мүдделерін қозғайды.

Импорттық тарифтік жеңілдікті ұзарту қазақстандық авиакомпанияларға әуе кемелерін жеткізуге тапсырыстар орналастыруға және ұшақтар паркін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ішкі және халықаралық тасымалдау құнына оң әсер етеді.

Мысалы, Қазақстан Республикасында азаматтық турбовинттік жолаушылар ұшақтарын пайдалану 10 өңірлік әлеуметтік маңызы бар маршруттарда жүзеге асырылады, бұл бүкіл ел бойынша көліктік қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі өңірлік маршруттарда әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшін Канадада өндірілген 78-орындық «Bombardier» DYC-8-402 Q400 турбовинттік ұшақ пайдаланылады. Алдағы 5-6 жылда қазақстандық авиакомпаниялар аталған үлгіде кемінде 10 әуе кемесін сатып алады деп жоспарлануда.

Жалпы, қазақстандық авиакомпаниялардың барлық типтегі қосымша әуе кемелеріне қажеттілігі алдағы 10 жылға 150 бірліктен асады.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 10 маусымдағы шешімімен жолаушылар сыйымдылығы 110-нан 300 адамға дейінгі турбореактивті әуе кемелерін әкелуге қатысты жеңілдікті 2031 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал жолаушылар сыйымдылығы 90 адамға дейінгі турбовинттік лайнерлер үшін – 2025 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.