Қазақстан Өзбекстанды ДСҰ-ға кіру кезінде қолдауға дайын

Қазақстан Өзбекстанды ДСҰ-ға кіру кезінде қолдауға дайын

Бүгін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясы аясында Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидовпен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар өкілдері Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі және екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

«Өзбекстан біздің сауда, экономикалық және мәдени байланыстарымыз тығыз орналасқан тату көрші-ел болып табылады. Біз Ташкенттің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ұмтылысын қолдаймыз»,- атап өтті Ж. С. Кушукова.

Вице-министрдің айтуынша, өзбек әріптестері ДСҰ-ға кірудің қазақстандық тәжірибесін зерделеуге өте мүдделі. Осы мақсатта жақын арада екіжақты консультациялар ұйымдастырылады. «ДСҰ шеңберінде белгіленген рәсімге сәйкес осындай консультациялар шеңберінде, оның ішінде екіжақты сауда мәселелері шешілетін болады», - деп хабарлады Жанель Кушукова.

Өзбекстан келіссөздер процесін 1994 жылы бастағанын атап өткен жөн. Ұзақ үзілістен кейін Өзбекстан басшысы 2017 жылы елдің ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздерді қайта бастау туралы шешім қабылдады.