
Қазақстан Республикасының 20 тауар өндірушісі өз өнімдерін қырғыз бизнесмендеріне ұсынды. ТЭМ шеңберінде қазақстандық өндірушілердің 100-ден астам қырғыз компанияларымен В2В келіссөздері өтті.
Сауда-экономикалық миссияның іс-шарасын аша отырып, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
- Біздің экономикаларымыз бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақстан Қырғызстанның сыртқы сауда айналымында 3-ші орын алып, Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Қырғызстанда қазақ капиталының қатысуымен 334 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазір біздің екі ел қазақстан-қырғыз шекарасындағы аса жанданған және ірі өту пункттері ауданында өнеркәсіптік-логистикалық орталықтар құру жөніндегі бірлескен жобаларды талқылауда. Бұл бізге жаңа өнімдерді жеткізудің негізгі бағыттары үшін тиімді көлік-логистикалық арналарды құрып қана қоймай, ЕАЭО, Орталық Азия және Қытай елдерімен бірлескен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Төребаев.
Ол өнеркәсіптік кооперация жобалары біздің елдерге шикізатты экспорттауға ғана емес, терең өңдеуге көшуге және дайын өнімді экспорттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстандық вице-министр айтып өткендей, екі елдің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты белсенді дамыту екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңызды факторына айналуда.
Қырғыз Республикасы Инвестициялар министрінің орынбасары Ұланбек Асанов біздің мемлекеттеріміздің алдында президенттер қойған өршіл міндет – өзара тауар айналымын 1 млрд. долларға дейін жеткізу тұрғанын атап өтті.
- Осы бағыттағы жұмысты күшейту және оны толыққанды іске асыру үшін жаңа көкжиектер табу қажет... Біздің халықтарымыз арасындағы дәстүрлі көп ғасырлық достық пен ынтымақтастыққа негізделген өзара қарым-қатынастарды нығайту ұзақ мерзімді перспективада серпінді жалғасын табатын болады, - деді ол.
Вице-министр Асанов, сондай-ақ, "Қырғыз Республикасы реформалар үшін қолайлы жағдайлар жасау және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы басым саясатты іске асыруға бағытталған үлкен өзгерістердің алдында тұр. Осылайша, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің барлық күш-жігері инвестициялық және бизнес ахуалдың тартымдылығын құруға бағытталған," – деп мәлімдеді.
Сауда-экономикалық миссия шеңберінде Қазақстанның атынан тауар өндірушілер азық-түлік, химия, фармацевтика, ТМК, құрылыс және машина жасау өнімдерін ұсынды.
В2В кездесулер барысында $13 млн-ға экспорттық келісімшарттар жасалды (тұз жеткізуге, ПЭТ преформасын және пластикалық қақпақты жеткізуге және телекоммуникациялық жабдықты жеткізуге). Екі ел бизнесінің келіссөздері жұмыс тәртібімен жалғасатын болады.
Сонымен қатар, "Qaztrade" АҚ Бас директорының орынбасары Нұралы Бөкейханов пен Қырғыз Республикасы Инвестициялар министрінің орынбасары Ұлан Асанов Сауда саясатын дамыту аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. "Qaztrade" АҚ Қырғыз өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің одағымен де осындай Меморандум жасалды.
Қазақстан Республикасының басқа елдердегі сауда-экономикалық миссияларының ұйымдастырушысы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің "Qaztrade" АҚ болып табылады.
Анықтама:
2020 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 796,2 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт-562,6 млн., импорт-233,6 млн.). 2021 жылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 328,7 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,2% - ға жоғары (303,8 млн. АҚШ долл.). 2021 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт 6,2% - ға өсіп, 227,2 млн. АҚШ долл.
Қазақстаннан Қырғызстанға экспортталатын негізгі тауарлар: табиғи газ, жеңіл автомобильдер, мұнай өнімдері, темекі өнімдері, минералды және газдалған суларды қоса алғанда, қант қосылған сулар, әйелдер мен балаларға арналған гигиена заттары және т. б. болып табылады..
Қырғызстаннан Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары: бағалы металдардың кендері мен концентраттары, жылтыратылған шыны, нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, пластмасса ыдыс және т.б..
Қырғызстанда қазақ капиталының қатысуымен 334 бірлескен кәсіпорын тіркелген (қаржылық қызмет, тамақ өнімдерін өндіру, сауда, автомобильдерді, тұрмыстық бұйымдар мен жеке пайдалану заттарын жөндеу, көлік және байланыс, құрылыс және т.б.).
Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, автомобиль сату, ірі қара мал өсіру, тұқым шаруашылығын қоса алғанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсіру, мақта жіптерін дайындау, баспа қызметінің басқа да түрлері сияқты 247 бірлескен кәсіпорын тіркелген.