QazTrade мен KITA арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

QazTrade мен KITA арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Сеул, 17 тамыз 2021 ж. – Мемлекет басшысының Корея Республикасына ресми сапары аясында «QazTrade» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, «QazTrade» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы және Корея халықаралық сауда қауымдастығының (KITA) Басқарма төрағасы Кристофер Ку (Christopher Koo) өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Қол қойылған құжатқа сәйкес Тараптар Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы өзара сауданы (экспортты ілгерілету, электрондық коммерция, логистика) дамыту саласында қарым-қатынас орнатуға ниетті. Тараптар бірлескен инфрақұрылымдық және экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі (2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Кореямен тауар айналымы 5,9 млрд. АҚШ долларын құрады). Ағымдағы жылдың 6 айында Қазақстанның Кореяға экспорты 76,6 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Корея Республикасына отандық өңделген өнім экспортының күтілетін көрсеткіші жыл қорытындысы бойынша 214,6 млн. АҚШ доллар құрайды.

 

Анықтама: Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA)
1946 жылы халықаралық сауданы дамыту арқылы Оңтүстік Корея экономикасының өсуіне жәрдемдесу мақсатында құрылды. Қазіргі уақытта KITA 70 000-нан астам компанияны біріктіретін Корея Республикасының ірі іскерлік қауымдастығы болып табылады. Оңтүстік Кореяның жаһандық сауда компанияларының мүдделерін білдіре отырып, KITA оларға практикалық қолдау көрсетеді, сауданың жеке секторындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді, сауданың жаңа стратегияларын әзірлеумен айналысады, сауданың дамуына ықпал ететін инфрақұрылымды қалыптастырады және осы саладағы мамандарды оқытумен айналысады.

KITA қызметі шетелдік маркетинг пен инвестицияларды қолдауды, халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуді, сауда ақпараты мен зерттеулерді ұсынуды, халықаралық сауда бойынша мамандарды оқытуды және ілеспе консультацияларды (сауда дауларының төрелігін және үкімет үшін саясат жөніндегі ұсынымдарды қоса алғанда) қамтиды.