Мысырға тауар экспортын арттыру әлеуеті 291,6 млн. АҚШ долларын құрайды

Мысырға тауар экспортын арттыру әлеуеті 291,6 млн. АҚШ долларын құрайды

Ағымдағы жылғы 21-23 маусымда Мәскеуде (Ресей Федерациясы) Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер мен Мысыр Араб Республикасы делегацияларының келіссөздері өткізілді.

Келіссөздер барысында тараптар тауарлар нарығына қол жеткізу мәселелерін талқылады, Келісімнің негізгі ережелері бойынша келісілген ұстанымдар белгіленді және одан әрі жұмыс кестесі белгіленді.

ЕАЭО мен Мысыр сауда-экономикалық қатынастарды өзара дамыту үшін болашақ келісімнің жоғары маңыздылығын атап өтіп, келіссөздерді табысты ілгерілету үшін делегацияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Сауда келісімі Қазақстан үшін Мысырмен сауданы дамыту және әртараптандыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Мысыр арасындағы тауар айналымы 84,3 млн. АҚШ долларын және 2021 жылдың төрт айында 25,5 млн. АҚШ долларын құрады.

Қазақстаннан Мысырға экспорт 2020 жылы 5,5 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Мысырға экспортталатын негізгі тауарлар: фосфор қышқылының тұздары – 2,9 млн. АҚШ долл. (53,9%), күкірт – 1,5 млн. АҚШ долл. (26,9%), ферроқорытпалар – 899 мың. АҚШ долл. құрады (16,5%).

Мысырдан Қазақстанға импорт 2020 жылы 78,9 млн. АҚШ долларын құрады. Мысырдан Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары: хош иісті заттар қоспалары – 34,6 млн. АҚШ долл. (43,8%), дайын байланыстырғыш заттар – 30,7 млн. АҚШ долл. (38,9%), дәрілік заттар – 8 млн. АҚШ долл. (10,2%), цитрус жемістері – 1,6 млн. АҚШ долларын (2%) құрады.

Мысыр Қазақстан үшін экспортты ұлғайту тұрғысынан перспективалы ел болып табылады. Қазақстаннан Мысырға тауар экспортын арттыру әлеуеті 291,6 млн. АҚШ долларын құрайды.

Тараптар ағымдағы жылдың қараша айында Мысырда келіссөздердің кезекті раундын өткізуге келісті. Сол уақытқа дейін келіссөздер топтары бейне-конференц-байланыс режимінде қарқынды өзара іс-қимылды жалғастырады.