
Ағымдағы жылдың 25 ақпанында ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қатысуымен ҚР Cауда және интеграция министрлігінің Бангладеш Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылдың бірінші алаңын, Қазақстан мен Бангладештің Жұмыс тобын құру мәселесі бойынша онлайн сараптамалық кездесуі өтті.
Жұмыс тобының негізгі міндеті елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық жақындасудың және Қазақстан-Бангладеш қатынастарын дамытуда ортақ жолдарды пысықтау болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстаннан Бангладешке экспортталатын негізгі тауарлар: майлы дақылдардың тұқымдары мен жемістері, таралмаған мақта талшығы, қара металдардан жасалған құбырлар болып табылады. Қазақстан өз кезегінде Бангладештен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін импорттайды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 31 млн. АҚШ доллар құрады. Қазақстаннан Бангладешке экспорт 955 мың АҚШ долларын, ал импорт-30 млн АҚШ долларын құрады.
Қазақстан мен Бангладеш арасындағы сауда көлемін арттыру және қолдау барысында қазақстандық сарапшылар Қазақстаннан Бангладеш нарығына шығарылуы мүмкін әлеуетті тауарлардың тізімін дайындады. Бұл жалпы сомасы 24,8 млн. АҚШ доллар шықты. Металлургия, мұнай-химия, тамақ, машина жасау, химия өнімдері салаларының өнімдерін, сондай-ақ құрылыс тауарларын жеткізуді ұлғайту мүмкіндігі бар екені көрсетілді.