Арман Шаққалиев сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлерді атады

Арман Шаққалиев сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлерді атады

14 қазандағы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев биылғы жылдың 9 айындағы сауда саласындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады. Министрдің мәліметінше осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% пайыз болған. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанд 14,5% жоғары деңгейінде қалыптасты.

«Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалады. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3% немесе 37,6 трлн теңге тиесілі», - деді министр баяндамасында.

Сала құрылымында көтерме сауда үлесі 66,4% құрап отыр. Көтерме сауда көлемі 35 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанд 9,6% артты. Негізгі өсімге шикізаттық емес тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар үлес қосты. Бұлардың үлесі шамамен 82% құрайды.

Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бөлшек сауда саласының нақты көлем индексі 107,1%, ал айналым көлемі 17,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 трлн теңгеге артты. Өсімге азық-түлікке жатпайтын 1,7 трлн теңге және азық-түлік тауарларының 900 млрд теңге сатылымы бірдей үлес қосты.

Сауда кәсіпорындары арқылы сату 6,7% пайыз өскен. Жеке кәсіпкерлер арқылы сату, оның ішінде базарларда жұмыс істейтіндерді қосқанда, 8,1% пайыздан астам деңгейінде қалыптасып отыр. Өңірлер бойынша бөлшек сауда айналымы бойынша алғашқы үштікке Алматы (32,8%), Астана (14%) және Қарағанды облысы (7,3%) кірді.

Сонымен қатар, бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі – электрондық сауда. Министр келтірген жедел бағалау деректеріне сәйкес, осы жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары.