2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тыңайтқыштар мен мойынтіректерді экспорттауға айрықша лицензия алу үшін қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен мәліметтер талап етіледі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тыңайтқыштар мен мойынтіректерді экспорттауға айрықша лицензия алу үшін қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен мәліметтер талап етіледі

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі 2015 жылғы 30 қаңтардағы №67 «Тауарлар экспорты мен импортын лицензиялау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға арналған өтініштердің нысандарын, лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаның нысандарын бекіту туралы» тауарлар экспорты мен импортын лицензиялау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарына қатысты бұйрығына өзгерістер енгізуді аяқтады.

Өзгерістер ұлттық заңнамадағы түзетулерге байланысты экспорт және импорт лицензиясын беру кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесін өзектендіруге бағытталған.

Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 19 мамырдағы №188-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуімен байланысты. Осы Заңның 1-бабының 20-тармағының 19) тармақшасына сәйкес, «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы куәліктер көрсетілген күннен бастап күшін жояды.

Осыған байланысты бұйрықпен жекелеген тыңайтқыш түрлері мен мойынтіректерді экспорттауға арналған ерекше лицензияны алу кезінде қазақстандық тауарлардың шығу тегін растау тәртібі нақтыланды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген тыңайтқыш түрлері мен мойынтіректерді экспорттауға арналған ерекше лицензия алу үшін өтініш беру кезінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен мәліметтер ұсыну талап етіледі.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі аталған бұйрық жобасын жариялады, жоба бойынша жария талқылау 2025 жылғы 3 маусым мен 16 маусым аралығында «Ашық НҚА» интернет-порталында өтеді (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15536358).