Сауда және интеграция Министрі Б.Т. Сұлтановтың
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша баяндамасы
ҚР Парламентінің Мәжілісі 2020 жылғы 18 наурыз
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
Тұңғыш Президентіміз – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы және Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауларында қойылған маңызды міндеттердің бірі - тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру.
Соңғы кездері тұтынушылар тарапынан өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы шағымдар мен өтініштер жиі түсуде. Алдау, алаяқтық, дөрекі
қарым-қатынас, бұрмалаушылық – осындай жағдайлар қоғамның күнделікті өмірінде кеңінен таралып келеді.
Жалпы тұтынушылардың құқығын қорғаудағы негізгі проблемалар ретінде келесіні атап өтуге болады:
1) тұтынушыларды қорғау саласында тұтас және тиімді жүйенің болмауы;
2) жосықсыз кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін толық сезінбеуі;
3) тұтынушылардың өз құқықтарын қорғаудағы қарапайым және нақты алгоритмінің жоқтығы сияқты проблемар бар.
Осыған байланысты Үкімет тарапынан әзірленген тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын Сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
Заң жобасы тұтынушыларды қорғаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) мемлекеттерінің аралас моделіне негізделеді. Бұл моделдің принципі бойынша мемлекеттік реттеу «ақылды» басқарумен шектеледі, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді сотқа дейінгі реттеу органдары атқарады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың, өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау институттарының рөлі күшейеді.
Анықтама үшін: Ұлыбритания, Ирландия, Литва, Германия, Жапония, Финляндия, Австрия, АҚШ, Қытай және т.б. «Ақылды» реттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін үйлестіруді, сотқа дейінгі реттеу институттарының құқықтық мәртебесін (құқықтары, міндеттері, іс жүргізу шарттары), олардың жауапкершілігі мен есеп берушілігін қамтамасыз ететін арнайы орган құруды қамтиды. Сот жүйесіне маңызды, күрделі жағдайлар түседі.
Құрметті депутаттар!
Заң жобасындағы негізгі ережелерге қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
БІРІНШІ – үш сатылы шағым қарау жүйесін енгізу.
I саты - сатушының шағымды өз еркімен шешуін немесе дауды сотқа дейін реттеуді қарастырады.
Аталған институтты құрудың негізгі мақсаты бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды қысқа уақытта аз шығынмен өтеу, «қазір және осында» принципі бойынша іске асыру болып табылады.
Бұл ретте, тұтынушының қалауымен дау сотқа дейін реттеу шеңберінде шешілетін болады.
Бизнесті тазартудың тиімді құралы ретінде, өзін-өзі реттеу органдарын дауды сотқа дейін реттеуге тартуға ерекше назар аударылып отыр.
Оның ең маңыздысы - өзін – өзі реттеу ұйымының біреуінің тұтынушының алдындағы кемшілігі үшін мүліктік жауапкершілікті барлық қатысушылармен қамтамасыз етуі.
II саты – шағымды уәкілетті орган аясында қарастыру.
Әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде, халықтың 64 проценті адал емес кәсіпкерлердің жауапқа тартылмауы салдарынан өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр.
Бұл шаралар тұтынушының талаптарын елемеген жағдайда ғана қолданылады. Алайда, санкцияларды қолданғанға дейін уәкілетті орган сатушыға тәртіп бұзушылықтарды ерікті түрде жоюды ұсынады.
III саты – сотқа шағым беруді көздейді, бұл ерекше даулы жағдайларда ғана қолданылады.
Құрметті депутаттар, тұтынушының өз құқықтарын АЛҒАШҚЫ ЕКІ САТЫДА реттеуі және уақтылы талап етуі сот органдарына түсетін
дау-дамайларды азайтуға алып келеді.
Біз тұтынушылардың құқықтары тез уақытта, аз шығынмен қорғалатын және аса наразылыққа жеткізбейтін жүйені құруды көздеп отырмыз.
Заңнамалық өзгерістердің ЕКІНШІ блогы - «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өз рөлі мен міндеттерін әркелкі түсінуі орын алуда. Бұл шынайы статистиканы қалыптастыруға, осы саладағы жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік бермейтіндігі анық.
Соның салдарынан халықтың 51 процентінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға деген сенімі төмендеген.
Барлық "тұтынушылар қорғаушыларын" аталған ақпараттық жүйеге шоғырландыру – шағымдарды беру рәсімдерін оңтайландырып, оларды қарау сапасының мониторингін жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, объективті статистиканы қалыптастыра отырып, аналитикалық есептілік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.
Шағымдарды талдау нәтижелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңесте қаралатын болады. Ол проблемалық құқықтық актілерді дереу өзгертуге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етеді.
Үшінші блогы - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау.
Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қолданысы кеңейтіледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына өз құқықтарын қорғауға тегін өкілдік қызметтер көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс берілетін болады.
Бұдан басқа, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне профилактикалық мақсатта қоғамдық бақылауды жүзеге асыру бойынша құзыреті беріледі.
Оны өткізудің тәртібі мен негіздері регламенттелген.
Құрметті депутаттар!
Қорытындылай келе, аталған ережелерді заңнамалық бекіту тұтынушылардың өмірінде елеулі өзгерістерге әкелетінін атап өткім келеді. Бұл:
- тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тұтас және халыққа түсінікті жүйесін қалыптастырады;
- тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің жұмысын жандандырады;
- халықтың бұзылған құқықтарын жаппай қалпына келтіріп, залалдарын өтеуді қамтамасыз етеді;
- бизнестің әлеуметтік және материалдық жауапкершілігі айтарлықтай артады.
Заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет!